- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қытайда жүрген сияқтымыз":...
"Қытайда жүрген сияқтымыз": Шығыстағы шекаралық ауылдарда қытайлық байланыс операторлары қосылып тұр
Марқа өңірінің тұрғындары соңғы жылдары жергілікті байланыс операторлары шеттеп, телефондары Қытай тілінде сарнай бастағандарына шағымданып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әсіресе, Қалжыр ауылынан аса бергенде байқалады. Ала жаздай маса-шіркейден мезі болған жұрт күздігүні тағы бір түйткілге тап келгендерін жеткізді. Олардың сөзінше, көршілес елдің байланыс операторлары жергілікті операторларды басып кетеді.
"Қазір ауыл тұрғындары басқа жаққа қоныс аударуды тоқтатқандай. Бірақ осы сияқты түсініксіз жайттар көптің алаңдауына әкеле ме дейсің. Әкімдік пен жанашыр азаматтар инфрақұрылымға көңіл бөліп, тіршілік байқалғанда телефонға "Қытайға қош келдіңіз" деп хабарлама келгенде көңілді уайым билейді. Құдды бір Қытайда жүрген сияқтымыз", – деді Қалжырдың тумасы Азамат Қабдуалиев.
Мұның алдында Тарбағатай ауданының тұрғындары да осы мәселені көтерген еді. Әсіресе Ақжар жұрты жаз жайлауға жол тартқанда шекара маңында телефон қытай тілінде сөйлегенін жеткізді. Екеуі де шекаралық аудан. Кей ауылдарындағы интернет мәселесі көп елдімекенмен салыстырғанда кенжелеп тұрғаны белгілі. Әйтсе де қытайлық байланыс және радио толқындарының облыс аумағына енгені таң қаларлық.
Бұған қатысты Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев ресми жауап ұсынды. Айтуынша, көрші елдің байланыс операторлары Күршіммен салыстырғанда қуаттырақ.
"Шынымен де басып тұр. Біз орнатқан ғаламтор мұнаралары сол ауылдық округ аумағын әрең қамтиды", – деді ол.
Тұрғындар сөзінше, "Қытайға қош келдіңіз" деген хабарлама Боран ауылынан асып, Марқакөлге таяғанда келеді.
Дәл осы тақырыптың тек бір аудан емес, шекаралық ауылдардың талайын қамтып тұрғанын Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осыған дейін көтерген еді. Оның сөзінше, мұны тез арада реттемесе ұлттық қауіпсіздікке де кесірі тиюі мүмкін. Айталық, Күршім мен Тарбағатайдан бөлек, Мақаншы ауылында да көрші елдің байланыс операторлары күшейіп тұр.
Асыл Бигелді
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы