Apple корпорациясы жаңа смартфонын дамыған он елде 25 қыркүйектен сатылымға шығаратыны белгілі. Тізімдегі елдердің ондығына кірмейтін Қытайда iPhone 6s cмартфоны сатылымға бүгін шықты. Бұл - америкалық брендтің логотипімен шығатын өнімнің қытайлық көшірмесі.
Смартфонның қытайлық аналогы түпнұсқамен салыстырғанда он есе арзан бағамен сатылымға шыққан. Нақтырақ айтар болсақ, қытайлық өнім 580 юань ($91) тұрады. Қытайдың Шэньчжэнь қаласында гаджеттер жасырын сатылып жатса да, бірнеше сағатта 100-ден астам iPhone 6s көшірмесі сатылып кетіпті.
Бейресми мәліметтерге сенсек, "ақылды" телефон iOS платформасының дизайнына барынша бейімделген. Дегенмен Android операциялық жүйесі негізінде жұмыс істейді. Әйтсе де, смартфон нағыз Apple өнімі сынды жылдам жұмыс істемейді. Соның өзін де көшірмеге деген сұраныс көп екені белгілі болып отыр.