Қытайда біреуге арсыз сурет жібергендер қамауға алынбақ

Қытайда енді жеке чатта да арсыз фото, видео жібергендерге жаза қатаңдайды. Бұл заң 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі The Washington Post-қа сілтеме жасап. 

1 қаңтардан бастап Қытайда әкімшілік заңнамаға енгізілген түзетулер күшіне енеді: олар жеке онлайн-хат алмасуда ашық эротикалық сипаттағы контентті таратуға тыйым салады. Жаңа ережеге сай, мұндай әрекет "социалистік мораль нормаларын бұзу" ретінде ғана емес, құқықбұзушылық ретінде де қаралып, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұл талап WeChat пен QQ сияқты кең тараған мессенджерлерге қатысты.

Өзгерістер арсыз материалдардың таралуымен күресуге бағытталғанымен, бұл норма екі тараптың өзара келісімімен жазысқан сексуал мазмұндағы хабарламаларды да құқықтық реттеу аясына кіргізуі ықтимал деген пікір бар.

The Washington Post мәліметінше, мұндай хабарламаларды өзара келісіммен алмасуға да тыйым салынбақ. Тәртіп бұзғандарға 10–15 тәулікке дейін қамау және бұрынғы 420 доллардың орнына 700 долларға дейін айыппұл қарастырылған.

Бастамаға ішінара себеп болған жағдай - биылғы дау: қытайлық БАҚ Telegram-да әйелдердің рұқсатынсыз түсірілген интим фотолар таратылғанын хабарлаған. 

Сарапшылар заңдағы тұжырымдардың тым жалпылама екенін, сондықтан оны әртүрлі түсіндіруге мүмкіндік барын айтады. Кейбір мамандар мұны кәмелетке толмағандарды қорғау тұрғысынан оң бағаласа, енді бірі норманың қолданылу аясы шектен тыс кеңейіп, мемлекет органдарының азаматтардың жеке өміріне араласуына алып келуі мүмкін деп ескертеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!