Қытайдың Нанкин қаласының (Цзянсу провинциясы) полиция басқармасы квадрокоптерлерден тұратын команда жасақтады. Қазіргі кезде құқық қорғау бөлімінің алты офицері дрондарды басқару техникасын үйреніп жатыр. Бұл туралы Синхуа басылымы хабарлады.
Айта кетсек, өткен жылдан бері квадрокоптерлер кеңінен қолданысқа енген. Алғашқыда дрондарды фото және видео түсіруші әуесқойлар жаппай сатып алса, енді мемлекеттік қызметкерлер мен жекеменшік компаниялар смарт-гаджетті өз пайдасына асыра бастады.
Аппарат көшедегі қарапайым тұрғындарға зиянын тигізуі мүмкін. Осы сынды бірнеше шешілмеген қиындық болса да, Нанкин полициясы дрондарды әртүрлі операцияда қолданбақ. Дегенмен аталған полицияның техникалық жасағына жауапты офицерлер өз біліктілігін арттырып, ұқыпты басқаруды жетік меңгеруге назар аударып отыр.
Дрондар көбіне үлкен қалалық іс-шараларда құқық бұзушылық әрекеттерді жоғарыдан бақылау үшін қолданылады. Квадрокоптердің әртүрлі бағытқа икемділігі және камера сапасы полиция қызметінде де пайдалы болары анық.