Қазақстанға түрлі елдерден келетін туристер саны артып келеді. Туризм министрлігі қай елдердің азаматтары жиі келетінін және қай өңірлер танымал екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство дерегінше, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстанға туристік мақсатпен 12,1 миллион шетел азаматы келген. Бұл былтырмен салыстырғанда 730 мыңға көп.
Соның ішінде 8,6 миллион адам елде бір күннен артық болған - дәл осы санат шетелдік туристер ретінде есептеледі.
Қонақүйлер, отельдер және басқа да орналастыру орындарының қызметін шамамен 1 миллион шетелдік пайдаланған. Ішкі туризм де өсіп келеді: осы кезеңде 6,7 миллион қазақстандық қонақүйлер мен қонақүй типтес орындарға тоқтаған.
Қонақ қай елдерден жиі келді?
ҰҚК Шекара қызметінің мәліметі бойынша, 2025 жылдың 9 айында Қазақстанға 12,1 миллионнан аса шетелдік кірген - бұл былтырмен салыстырғанда 730 мыңға көп. Әсіресе ТМД-ға кірмейтін елдерден қызығушылық айқын артқан.
Туристер саны бойынша ТОП-5 ел:
Қытай
ҚХР-дың 693 мыңнан аса азаматы Қазақстанға келген. Өсім 42%. Сарапшылар мұны визасыз режиммен, жаңа тікелей рейстердің ашылуымен және Қазақстанның қытай туристік нарығында белсенді дамуымен байланыстырады.
Үндістан
Қаңтар–қыркүйекте Қазақстанға Үндістаннан шамамен 113 мың турист келген. Ал былтыр келегн қонақ саны 106 мың болған.
Түркия
Қазақстанға Түркиядан 103 мыңнан аса турист келген. Туристік ағым тұрақты әуе рейстері, сондай-ақ елдер арасындағы іскерлік және мәдени байланыстар арқасында өсіп отыр.
Германия
2025 жылдың 9 айында Германиядан 81 мыңнан аса азамат келген. Туристерді табиғат, этнотуризм және тарихи-мәдени нысандар тартады.
Оңтүстік Корея
Туристер ағыны 25% өсіп, 41,3 мыңнан асты. Бұған себеп - тікелей әуе рейстері, визасыз режим, сондай-ақ Қазақстанның табиғатына, мәдениетіне және ұлттық асханасына қызығушылық.
Шетелдіктер елде қайда барады?
Шетелдік туристер көбіне мына бағыттарға сапарлайды:
- Алматы қаласы және Алматы облысы
- Астана қаласы және Ақмола облысы
- Маңғыстау облысы
- Түркістан облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
eQonaq жүйесінің дерегіне сәйкес, шетелдік қонақтар көбіне ірі қалалар мен өңірлерді таңдап, сол жерлерде тоқтаған. ТОП-та:
- Алматы
- Астана
- Атырау облысы
- Алматы облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Қостанай облысы
- Маңғыстау облысы
Шетелдік туристердің Қазақстан туралы әсері
Бұған дейін шотландиялық саяхатшы Росс Дженнингс Қазақстанға сапары туралы әсерін бөліскен еді. Ол қарашаның басында Алматыға келіп, сапары керемет өткенін айтқан.
Кейбір қонақтар одан әрі қадам жасап, Қазақстанды тек саяхат үшін емес, өмір сүру үшін де таңдайды. Мәселен, америкалық Франсуа Марк Оңтүстік Кореяда 15 жыл тұрғаннан кейін Көкшетауда қалуды шешкен. Оның айтуынша, елді атмосферасы және табиғатқа жақындығы тартыпты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz