Қазақстандық блогер Аружан Айбекова Қытайда түсірілген даулы видеоларынан кейін Алматыда полициямен сөйлескен соң, қазақстандықтарға арналған кешірім сұрау видеосын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Қытайда блогердің пранктары қоғамда резонанс тудырған еді: ол бейтаныс адамдарға жақындап, оларды ұрлық жасады деп айыптап, жеке кеңістігіне қол сұққан. Мұндай әрекеттерін ол "әлеуметтік эксперимент" деп атаған. Қытайлық БАҚ тергеудің басталғанын хабарлап, әлеуметтік желі қолданушылары Айбекованың әрекетін сынға алған.
БАҚ мәліметінше, қытай билігі дереу әрекет еткен: блогердің аккаунттары барлық қытайлық платформаларда бұғатталып, видеолары өшірілді. Гуанчжоу қаласының полициясы ресми түрде тексеру бастаған. Кейінірек Аружан Қытайдан кетіп, Қазақстанға оралғаны белгілі болды. Алматыға келген соң ол видеоүндеу жазып, көпшіліктен кешірім сұрады.
"Менің атым – Аружан Айбекова. Қытайда түсірілген видеоларым үшін барлық қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Мен өз қателігімді түсіндім. Бұл видеолар біреуді жала жабу немесе заңсыз айыптау мақсатында түсірілген жоқ – бәрі әзіл ретінде ойластырылған еді. Бірақ менталитет айырмашылығына байланысты олар басқаша қабылданды. Енді мұндай контент түсірмес бұрын жүз рет ойланамын. Қазір Алматыдамын, жағдайым жақсы. Мұндай жағдай болғанына шын жүректен өкінемін", – деді блогер өзінің видеоүндеуінде.
Сондай-ақ, Аружан Айбекова барлық әлеуметтік желідегі видеоларын өшіріп тастаған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!