Қытай Пелосиге санкция салды

Қытай Пелосиге санкция салды
Фото: ©REUTERS

Қытай Тайваньға сапарына жауап ретінде АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси мен оның жақын туыстарына қарсы санкция салу туралы шешім қабылдады, - деп хабарлайды Reuters.

Қытай Сыртқы істер министрлігі өкілі Нэнси Пелоси өзінің арандатушылық әрекеттері арқылы Қытайдың ішкі істеріне араласып, осы аптадағы Тайваньға сапары нәтижесінде ел егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзғанын мәлімдеді.

"Қытайдың алаңдаушылығына қарамастан, Пелоси Тайваньға барды. Осылайша, Қытайдың ішкі істеріне араласып, оның егемендігі мен аумақтық тұтастығына, "Біртұтас Қытай" саясатына нұқсан келтіріп, Тайваньдағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндірді", - делінген министрлік мәлімдемесінде.

Бұған қоса, Қытай АҚШ-пен жоғары деңгейдегі әскери диалогты қоса алғанда, бірқатар саладағы ынтымақтастықты тоқтататынын хабарлады. Осылайша, Пекин Пелосидің сапарына байланысты АҚШ-тың жоғары лауазымды әскери қолбасшылары арасындағы диалогты тоқтатты. Сондай-ақ, Қытай тарапы америкалық тараппен климат келіссөздерін, трансшекаралық қылмыстың алдын алу және заңсыз мигранттарды репатриациялау саласындағы ынтымақтастықты тоқтатуды шешкен.

Сонымен қатар, Қытай Сыртқы істер министрлігі "Үлкен жетілік" (G7) пен Еуропа Одағы елдерінің Қытайдың Тайвань төңірегіндегі әскери жаттығуларын сынаған мәлімдемесіне наразылық білдіру үшін еуропалық дипломаттарды шақырғанын хабарлады. Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары Дэн Ли Тайваньға қатысты мәлімдемелерге байланысты Еуропа елдері мен ЕО өкілдеріне дипломатиялық шағымдар жіберген.

Еске салайық, 2 тамызда Пелоси мінген ұшақ Тайвань әуежайына қонды. АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға келгеннен кейін жазбаша мәлімдеме жасады. Онда аралға сапары "Тайвань демократиясын" қолдаудағы "Американың адалдығы" екенін айтты. 

Ж. Қадыржанова