Президент Қызылорда – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сексеуіл және Бейнеу – Сексеуіл жолдары құрылысының басталуына арналған телекөпірде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бейнеу – Сексеуіл бағытында 800 шақырымдық түбегейлі жаңа жолдың құрылысы басталғанына тоқталып, бұл бағдарды халықаралық ауқымдағы жол деп атады.
"Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын "алтын көпір" ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. Халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу - сауапты іс. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз. Бейнеу – Сексеуіл бағыты республикалық, аймақтық, құрлық деңгейіндегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды "Арал-Каспий магистралі" деп атаған дұрыс", – деді Мемлекет басшысы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!