Қытай косметикасын Қазақстанда брендтеп сататындардың ісі заңды ма?

Соңғы жылдары Қазақстан нарығында Қытайда өндірілген, бірақ белгісіз брендтер ретінде сатылатын косметика өнімдері көбейді. Тұтынушылар өнімдердің бағасына және кең ассортиментіне қызығушылық танытып жатыр. Алайда сатушылар тауарды өз аттарымен брендтеп, нарыққа ұсынғанда, зияткерлік меншік құқығы, сапа стандарттары және тұтынушы құқығын қорғау секілді заң талаптарын қаншалықты сақтайды? Massaget.kz тілшісі материалда тарқатады. 

"Былтырмен салыстырғанда импорт төмендеген"

Аталмыш мәселеге байланысты министрліктен ресми дерек сұраттық. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми деректері бойынша косметика импортына қатысты мынадай жауап берді. 

"ЕАЭО СЭҚ ТН 3304 "Косметикалық құралдар немесе макияжға арналған құралдар және тері күтіміне арналған құралдар (дәрілік заттардан басқа), оның ішінде күнге күюге қарсы немесе күнге күюге арналған құралдар; маникюрге немесе педикюрге арналған құралдар" 2024 жылғы қаңтар - тамызда 10,8 мың тонна 147,6 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32%-ға төмендеді (2023 жылы импорт 15,8 мың тонна 150,3 млн АҚШ долл. құрады)", - деп жауап берді министрлік. 

Яғни ресми дерекке сүйенсек, косметикалық тауарлардың импорты керісінше төмендеген. Ал "Парфюмерия және дәретхана суы" елімізге келуі керісінше артқан. 

"ЕАЭО СЭҚ ТН 3303 00 "Парфюмерия және дәретхана суы" 2024 жылғы қаңтар - тамызда 2,9 мың тонна 66,0 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45%-ға өсті (2023 жылы импорт 2,0 мың тонна 53,4 млн АҚШ долл. құрады)", - делінген жауапта.

 сурет: depositphotos.com

Тауарды брендтеп сатып жатқандардың ісі заңды ма?

ҚР Сауда және интеграция министрлігі брендтелген қытайлық косметика өнімдерін сатумен айналысатындардың ісіне баға берді. Жауапта бұл процестің заңды түрде орындалуы үшін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың техникалық регламентіндегі қажетті рәсімдерден өтуі керектігі айтылған. 

"Қазақстан Республикасының "Техникалық реттеу туралы" Заңының 35-бабы 2-тармағына сәйкес техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген, сәйкестікті бағалаудан өтпеген, сондай-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжаттарсыз немесе техникалық реттеу тізілімінде немесе Одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде осындай құжаттардың бар-жоғы туралы мәліметтер болмаған кезде өнімді айналысқа шығаруға тыйым салынады", - деп жауап берді министрлік. 

 сурет: depositphotos.com 

Заңсыз сауда жүргізіп отырғандарға қандай шара қолданылады?

Саудагерлер жоғарыда аталған талаптарды орындамаған жағдайда "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің 415-бабына 1-тармағына сәйкес тиісті айыппұл арқалайды. Нақтылайтын болсақ.

1) техникалық регламенттерде және нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығару;

2) техникалық регламенттерде және нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес сәйкестікті растау және (немесе) бағалау құжаттарынсыз өнімді айналымға шығару түрінде жасалған бұзушылық - жеке тұлғаларға - тоқсан, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз тоқсан бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Тұтынушы нені білуі керек?

Заңгер Қуат Ауғанбек тұтынушылар назар аударуы керек бірнеше кеңестер ұсынды. Оның сөзінше, қазір көп қыз-келіншектер трендтің жетегінде кетіп, заңсыздықты көзге ілмей кетеді. Косметикалық өнімдер - сапа деңгейін жіті қарау керек заттарға жатады. Сол себепті заңгер мынандай кеңестер айтты. 

 Қуат Ауғанбек

заңгер

1. Өнімнің заңды мәртебесін тексеріңіз
Сатушыдан өнімнің сапа және қауіпсіздік сертификаттарын сұраңыз. Қазақстанда сатылатын косметика санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудан өтуі керек. Мұны растайтын құжаттарды көрмейінше, тауарды сатып алмаңыз. Әкелінген өнім Қазақстан Республикасының техникалық регламенттеріне сәйкес болуы керек. Оны да қаперде ұстаған жөн. 

2. Тауардың түпнұсқалығын дәлелдейтін құжаттар талап етіңіз 
Сатушыдан өнімнің қайдан алынғанын көрсететін шот-фактураларды немесе басқа құжаттарды сұраңыз. Бұл оның контрафакт емес екеніне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Егер косметика контрафакт болып шықса, сіз өз құқығыңызды қорғау үшін арыз түсіре аласыз.

3. Тауарды қайтару және ауыстыру шарттарын біліңіз
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға сәйкес сапасыз немесе денсаулыққа зиян тигізетін өнімдерді қайтару құқығыңыз бар. Сатып алған кезде сатушыдан чек немесе төлем құжатын талап етіңіз. Бұл болашақта сізге дәлел ретінде қажет болуы мүмкін.

4. Интернет-дүкендерден немесе жеке сатушылардан сатып алғанда сақ болыңыз
Егер өнімді интернет арқылы немесе әлеуметтік желідегі сатушылардан сатып алсаңыз, сатушының заңды түрде тіркелгенін тексеріңіз. Төлемді алдын ала жасамауға тырысыңыз. Сатушыдан келісімшарттың көшірмесін немесе ресми тапсырыс құжаттарын сұраңыз.

5. Өнімнен зиян келген жағдайда заңды құқықтарыңызды пайдаланыңыз
Егер косметикадан денсаулығыңызға зиян келсе, медициналық анықтама алыңыз және тауардың сапасына сараптама жүргізіңіз. Бұл жағдайда сізге келтірілген шығынды өтеу үшін сатушыға талап-арыз түсіруге құқығыңыз бар. Егер сатушы жауап бермесе, тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарына немесе сотқа шағымдана аласыз.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!