- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қытай көліктері қауіпті...
Қытай көліктері қауіпті ме? Сарапшылар күмән тудырған сұрақтарға жауап берді
Қазақстанда автокөлік бағасы пандемия мен әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты құбылып тұрады. Жалпы, биыл автокөлік бағасы қалай өзгеруі мүмкін? Қытайдан әкелініп жатқан көліктердің сапасы сын көтере ме? Ел нарығына қандай ірі компаниялар келуі мүмкін? Massaget.kz тілшісі Автокөлік одағының жауапты өкілдерінен сұрап білді.
Автөлік Одағының сарапшысы Ербол Сейпілов автокөлік құны 2022 жылға қарағанда төмендегенін айтады.
"Былтыр қараша айында еліміздегі жаңа автокөліктердің орташа бағасы 2,3 пайызға төмендеп, алдыңғы жылғы көрсеткіштен қарағанда 14 млн 810 мың теңге тең болды. Ол кездегі бағаның төмендеуі - жаңа жыл алдындағы жеңілдіктер, акциялар және дилерлер тарапынан тұтуынушыға түрлі ұсыныстарға байланысты болды. 2023 жылы желтоқсанда автосалондар тұтынушыларға 500 мыңнан 4 миллион теңгеге дейін жеңілдіктер жасады. Өз кезегінде, бұл - шынайы бәскелестікті арттырды", - деді ол.
Сарапшы Қытай нарығының келуіне байланысты автокөлік бағалары төмендей ме деген сұраққа жауап берді.
"Автокөлік бағасын болжап, кесіп айту қиын. Өйткені олар әртүрлі сыртқы факторларға, соның ішінде валюта бағамының өзгеруіне және автокөлік бөлшектерінің импортына байланысты. Кейде логистикалық қиындықтарға тап болып жатамыз. Мәселен, пандемия кезіндегі өзгерістер - тұрақты жеткізу тізбегі мен логистикалық процестердің маңызын көрсетті. Дегенмен, ел ішінде автокомпоненттер зауыттарының салынуын ескерсек, өндірістегі қазақстандық өнімнің қамту үлесі артады деп болжай аламыз. Бұл импорт пен логистикаға тәуелділікті азайтып, бағаның тұрақталуына септігін тигізеді. Яғни сыртқы факторлардың әсерін жұмсартады", - дейді одақ өкілі.
Сейпілов нарықта ескі көліктердің бағасы қалай шешіліп жатқанын айтты.
"Ескі автокөліктердің бағасына келетін болсақ, оны жеке тұлға автокөліктің техникалық жағдайын ескере отырып, дербес белгілейді", - деді Сейпілов.
Елімізде Қытайдан келген көліктердің сапасына сынмен қарайтын адам көп. Сарапшы олардың күмәні бекер екенін атап өтті.
"Қытай көліктері - қауіпсіз. Себебі елімізге тауарын алып келетін диллердің бәрі көлік құралының типін мақұлдау сертификациясынан өтеді. Бұл - мемлекеттік құзырлы органмен мақұлданып, тексеріледі. Сондықтан ресми түрде сатылатын автокөліктер қауіпсіздік талаптарына сай боп келеді. Нақтырақ айтсақ, бұл заң "Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінде белгіленген. Онда автокөлік - адам денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптарға сай болуға тиіс", - дейді ол.
Қазақстан нарығына қандай ірі автокөлік компаниялар келуі мүмкін?
"Бүгінгі таңда ел нарығында Chery, Toyota, Haval, Changan, Exeed, Geely, Lexus, Subaru, Omoda, BMW, Tank, Mitsubishi, Audi, Mercedes-Benz, Porsche, Land Rover, Cadillac, Infiniti, GWM секілді әлемдік брендтер бар. Сонымен қатар Қазақстанда Hyundai, Chevrolet, Kia, JAC, Jetour, Lada, Uaz, Hongqi маркалы көліктер шығарылады. Жақын арада елімізде Skoda, Changan, Chery және Haval маркалы көліктер шығарыла бастайды", - дейді Сейпілов.
Қазақстан рөлі оң жақтағы көліктерді әкелуге неге тыйым салып отыр?
Сарапшылар бір ауыздан оң рөлді көлік тізгіндегенде жол белгілері мен сигналдарды дұрыс көрмеу, жолаушыларды отырғызу және түсіру ережелерін сақтамау, әсіресе тар көшелерде басып озғанда жолдың дұрыс көрінбеуі, шам жарығы түсетін бұрыштардың дұрыс орналаспауы салдарынан жүргізушілердің көзін шағылыстырып, кедергі келтіру, сонымен қатар, жолдың оң жақ жиегінің нашар көрінуі сияқты қауіпті кемшіліктер анықтады.
"Қазақстанға оң рөлді автомобиль әкелуге тыйым салу – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасалған маңызды әрі ойға қонымды қадам. Оң рөлді автомобиль кіргізуді шектемесе, ел азаматтары оларды сатып алып, пайдаланғанда заңды жолмен жүзеге асыру мүмкін болмайтын қиындықтарға кезігеді. Билік енгізген шектеу ел азаматтарының мүддесін қорғап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған", - Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Мақашева.
Еске сала кетсек, Қазақстанда рөлі оң жақта орналасқан көліктерді бөлшектелген түрде әкелуге жарты жылға тыйым салынды. Тиісті бұйрық 16 қаңтардан бастап күшіне енді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша ел аумағына бір реттік заңдастыру аясында 240 мыңнан астам көлік заңдастырылған.
"Оның ішінде 22 мыңға жуығы конструктор, яғни оң жақ рөлді көліктер. Бұйрық күшіне енгенге дейін келген машиналар белгіленген заңнама шеңберінде заңдастырылатын болады", – деген еді министрлік.
Жасұлан Ордабаев
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz