Қытай Қазақстан азаматтарына 46 білім грантын ұсынды: қалай тапсыруға болады?

Қытай Қазақстан азаматтарына 46 білім грантын ұсынды: қалай тапсыруға болады?
Фото: depositphotos.com

Қытай 2027-2028 оқу жылына Қазақстан азаматтарына 46 білім грантын ұсынды. Үміткерлер бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша конкурсқа қатыса алады, – деп хабарлайды Massaget.kz.

46 грант
2027–2028 оқу жылына Қытай ұсынған білім гранттары
27 қараша
құжат қабылдаудың басталатын күні (15 қаңтарға дейін)
1 жыл
оқудан кейін Қазақстанда міндетті жұмыс мерзімі

"Халықаралық бағдарламалар орталығының" мәліметінше, гранттар екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында бөлінген.

Грант қандай шығындарды қамтиды?

Қытай үкіметінің стипендиялық бағдарламасы:

  • оқу ақысын;
  • жатақханада тұруды;
  • медициналық сақтандыруды;
  • ай сайынғы стипендияны қамтиды.

Жол жүру және бағдарламада көрсетілмеген басқа шығындарды студент өзі өтейді.

Өтінім қалай беріледі?

Құжаттар 2026 жылғы 27 қарашадан 2027 жылғы 15 қаңтарға дейін қабылданады.

Алдымен үміткер Қытай стипендиялық кеңесінің (CSC) ресми сайтында тіркелуі қажет. Одан кейін өтінімді eGov порталы арқылы онлайн немесе "Халықаралық бағдарламалар орталығына" қағаз түрінде тапсыруға болады.

Қытай тілінде оқуды таңдағандар жарамды HSK сертификатын ұсынуға тиіс.

Бакалавриатқа түсушілер қосымша тест тапсырады

Бакалавриатқа үміткер барлық шетелдік талапкер үшін CSCA академиялық дайындық тесті міндетті.

Жақын арадағы емтихан сессиясы 2026 жылғы 19-20 желтоқсанда өтеді. Тіркелу 25 қараша мен 2 желтоқсан аралығында жүргізіледі. Мерзімдер Бейжің уақытымен белгіленген.

Қандай пәндер тапсыру керегін талапкер өзі таңдаған университеттен нақтылауы қажет. Әр емтихан сессиясына бөлек тіркелу талап етіледі.

Іріктеу қалай өтеді?

Үміткерлер тәуелсіз сараптамалық комиссиямен онлайн сұхбаттан өтеді. Іріктеу кезінде шет тілін меңгеру деңгейі, білім туралы құжаттағы орташа балл және комиссия бағасы ескеріледі.

Конкурстан өткендердің құжаттары Қытай тарапына жіберіледі. Ал оқуға қабылдау жөніндегі соңғы шешімді Қытай университеттері қабылдайды.

Грант иегерлері оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстанға оралып, кемінде бір жыл үздіксіз жұмыс істеуге міндетті.
Орталық құжаттарды делдалсыз тапсырып, талаптар мен қажетті құжаттардың толық тізімін ресми хабарландырудан тексеруге кеңес береді. Жалған немесе дәйексіз мәлімет ұсынған үміткер конкурстан шығарылып, сол жылы қайта қатысу құқығынан айырылады.
О. Сансызбай
Logotype Massaget