- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қытай азаматы Қазақстанға...
Қытай азаматы Қазақстанға жердің астымен өтіп кетпекші болды
ҚХР азаматы жерді қазып өтіп Қазақстанға қашпақшы болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР ҰҚК Шекара қызметіне сілтеме жасап.
Дабыл 30 қазанда түнгі сағат 00.31-де берілді. Өте қуатты жылжымалы жарық беру машинасын және итті өздерімен бірге алып, шұғыл түрде дабыл түскен аумаққа келіп жеткен дабыл тобы із бақылау жолағынан көршілес елдің аумағынан біздің жерімізге қарай өткен адамның іздерін бірден тапты.
"Тексере келе, шекара бұзушы электрлі дабыл беру кешенінің астын қазып өткені белгілі болды. Бұл уақытта көршілес шекара заставаларының дабыл топтары да оқиға болған аумақты бақылауға алып үлгерген еді", - деп хабарлады шекара қызметіндегілер.
Алтынкөл теміржол стансасын бетке алған шекара бұзушы мемлекеттік шекара сызығынан 8 шақырым қашықтықта ұсталды.
Айта кетейік, шекара бұзушы – 1985 жылы ҚХР-дың Фэнтю уезінің Хэнай провинциясында туған Қытай азаматы. Ер адам шекараны бұзып өту себебін өмір сүруге жайлы жер іздеуімен түсіндіреді. "Ол сөмкесіне 501 юань, азық-түлік, электрлі қолшам, киімдер, темекі блогын, қытай тіліндегі әлем картасын және тағы да басқа керекті заттарды салып алып шыққан. Алайда, қазақстандық шекарашылар оның жолын шекарадан ұзатпай-ақ кесіп үлгерді", - деді шекара қызметіндегілер.