Қытай азаматтары ШҚО-да заңсыз алтын өндірген: сот үкімі шықты

Қытай азаматтары ШҚО-да заңсыз алтын өндірген: сот үкімі шықты
Фото: depositphotos.com

Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын өндіргендерге сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңірде бағалы металдарды заңсыз өндірген қылмыстық топтың жолы кесілген. Бірлескен шара барысында 2025 жылғы маусымда Үлкен және Кіші Шыбынды өзендері алқабында шетел азаматтары ұсталып, арнайы техника, жабдықтар, құрамында алтыны бар шикізат және қаражат тәркіленген.

Облыс тұрғындары мен Қытай Халық Республикасының азаматтары 2024-2025 жылдары Ұлан ауданы аумағындағы орман қорына зиян келтіріп, өз бетінше заңсыз алтын өндіргені анықталған.  

Қаскөйлер заңсыз түрде 15 келі алтын өндірген. Мемлекетке келген жалпы шығын - 766 миллион теңге.  

Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 21 шілдеде күдіктілерді аса ірі мөлшерде бағалы металдарды заңсыз өндіргені үшін кінәлі деп танып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.   

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget