Танымал миллиардер Джек Ма басшылық ететін Alibaba алпауыт корпорациясы қытайлық Norinco компаниясымен бірігіп GPS аналогын құрастырады. Екі компания да Beidou жобасына 310 миллион АҚШ долларынан инвестиция құйып, координаталық ақпараттарды бір платформаға біріктіру үшін жекеменшік спутниктерді пайдалануды жоспарлап отыр.
Айта кетсек, Beidou қызметі осыдан екі жыл бұрын іске қосылған. Бастапқыда тек транспорттық бағдарды көрсететін мобильді қызмет түрі ретінде қолданылады. Енді америкалық GPS қызметін Азия нарығынан ығыстыруға мүдделі болып отыр.
Бүгінде GPS бүкіл әлем нарығында көш бастап келеді. Alibaba басшысы әрбір нарықтың жергілікті өнімі болуға тиіс екенін айтады. Ал жобаны қолдаушы компания өкілдерінің жоспары бойынша, 2020 жылға қарай Beidou бүкіл әлемде қолданылатын GPS аналогына айналмақ.
Айта кетсек, Қытай бүгінге дейін 23 спутнигін ғарышқа сәтті ұшыра алды. Сонымен қатар, жақын болашақта тағы 20 жасанды серіктің ұшырылуы жоспарланған. Кеше «Ұлы жорық-3В» зымыранының көмегімен екі спутник орбитаға шығарылды. Соңғы мәліметтерге орай, Қытай компаниялары ұшырған спутниктердің навигациялық дәлдігі ғарыштан бір метрге дейін анық көрсету мүмкіндігіне ие болып отыр.