Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы күйеуі Қайрат Беркінбаев туралы әсерлі жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Тағы да сен туралы. "Анашым, жылай бермеші, сен бізге енді бұрынғыдан да қатты керексің. Әке, келіп қалатын сияқты…", - дейді тұңғышым. Кенжем Сардар болса, білдірмей, бөлмесіне барып жылап алады. Сардардың әкесімен қарым-қатынасы ерекше болды. Кенжесі болған соң ба, қатты еркелетіп өсірді. Бір жұбанышым, әйтеуір екеуінің екі үлкен ағасы, әпкесі бар, жалғыз емес. Қайрат үнемі балаларын жанына жиып жүретін. Әр немересіне жеке көңіл бөліп, келіндерін аузынан тастамайтын. Олар да маған құрбы сияқты болып кеткен. Сол жағын ойласам, қуанам. Ұлдарға бауырмалдылық, отбасы құндылықтарын жақсы көрсете білді", - дейді тележүргізуші.
Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, биыл жазда Қайрат Беркінбаев қызын ұзатып, үлкен той жасаған.
"Ұл-қыздары, немерелерімен шүйіркелесіп отырған суреттерін өзім түсіріп едім. Әлі де бәрінің жай ғана елес болып қалғанына сене алмаймын. Бірақ ұрпағы үшін бәріне төтеп беруге уәде бердім…", - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.
Еске салайық, 6 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті Қайрат Беркінбаев өмірден өтті.
Қайрат Беркінбаев 2019 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында III дәрежелі "Барыс" мемлекеттік орденімен марапатталған еді. Қайрат Беркінбаев - қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!