Ішкі істер министрлігі автонесиелеудің қылмыстық схемасын әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
19 қаңтарда Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін көліктерді шетелге шығарып отырған қылмыстық топ ұсталды.
"Күдіктілер қысым көрсету және қорқыту арқылы қорғансыз азаматтарды өз атына автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Төлем қабілеті бар деген жалған көрсеткіш қалыптастыру мақсатында күдіктілер азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, олардың кредит тарихын жақсартқан. Күдіктілер жалған құжаттарды пайдаланып, көліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған", - деп жазылған хабарламада.
ІІМ мәліметінше, осыдан соң қымбат көліктер шетелде сатылған. Қазір осындай 15 дерек анықталған.
"Тінту іс-шаралары барысында атыс және суық қарулар, оқ-дәрілер, қылмыстық әрекетті растайтын құжаттар тәркіленді. Соталды тергеп-тексеру бірнеше бап бойынша жүргізіліп жатыр. Негізгі 6 күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді полиция.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!