"Қысы-жазы арба сүйрейміз". ШҚО-да тұрғындар ауызсуды ауыл сыртынан тасуға мәжбүр

"Қысы-жазы арба сүйрейміз". ШҚО-да тұрғындар ауызсуды ауыл сыртынан тасуға мәжбүр
Фото: pixabay

Шығыс Қазақстан облысы Айыртау ауылында бірнеше мәселе күні бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Оның қатарында 60 жылдан бері жөнделмеген аурухана ғимараты, тозығы жеткен көпір және ауызсу тапшылығы бар. Тұрғындар сөзінше, жыл санап қаңыраған үйлер көбейіп барады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айыртау Өскеменнен 35 шақырым жерде орналасса да, кейбір тұрғындар өркениеттен алшақтап қалғандарын жеткізді. Тіпті әкімдік пен аурухана бір ғимаратта орналасқан.

"Бір нысанды бөлісіп отырғандарына 20 жылдан асқан шығар. Күндізгі стационардың жоғынан көп адам қажет емін ала алмай отыр. Жұқпалы ауруы бар науқас жеткізілсе, жеке қаралуы керек деп санаймын. Тіс дәрігері болмауы да ауруханамыздағы кемшін тұстардың бірі. Дәріхана жоқ, ал осы үшін жасы келген адамдарға аудан орталығы мен Өскеменге бару алыс", - деді ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлшат Смағұлова.

Ал аурухана жағдайын көпшілік қаржы бөлінбеуімен байланыстырды. Аудандық аурухананың бас дәрігерінің айтуынша, өз қаражаттары есебінен Айыртау мен Герасимовкадағы екі амбулаторияда жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Амбулаторияның меңгерушісі Бұлбұл Ақсембіқызы жөндеу жұмысы биылдан қалмай қолға алынатынын мәлімдеді.

Бұдан бөлек айыртаулықтардың жартысына жуығы ауызсуды ауыл шетінен тасып ішеді. Тұрғындар "Ақбұлақ" бағдарламасының игілігін көре алмай отырғандарын айтты.

"Таза ауызсу тек орталық көшелерде ғана бар. Қалғанымыз қысы-жазы арба сүйрейміз. Құдықтың өзі ауыл шетінен екі-үш шақырым жерде. Жер асты суы, ауылдастар мұны "Аққұдық" деп атайды. Су таза, тек алыстау болып тұр", - деді Гүлшат Смағұлова.

Ауылдық округ әкімі Дархан Төлеухановтың айтуынша, бұл мәселе бақылауда тұр.

"Қазір 3-4 көшенің тұрғындары ауызсудан қиындық көріп отыр. Биыл қайта жаңғырту жоспарына енгізілген, сәтін салса, келер жылы жүзеге аспақ. Бұл жоспарға тұтас Айыртау ауылы енгізілді", - деді ол.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz