Қыста көлікте кондиционерді не үшін қосу керек екенін білесіз бе?

Қыста көлікте кондиционерді не үшін қосу керек екенін білесіз бе?
Фото: depositphotos.com

Жаз мезгілінде автокондиционерді пайдалану әрбір жүргізушіге таныс. Ал қыста оны қолдану қажет пе және оны қалай дұрыс пайдалану керек? Massaget.kz тілшісі бірнеше пайдалы кеңеспен бөліседі.

Авто сарапшылардың сөзінше, қыста көлікте кондиционерді қолдану жүргізудің жайлылығы мен қауіпсіздігін едәуір арттыра алады.

"Қыста суық ауа өте ылғалды болады, ал киім мен аяқкиімнен көлік ішіне әкелінетін су терезелердің булануына әкелуі мүмкін. Бұл көрінуді төмендетіп, жүргізуші үшін қауіпті жағдай туғызады. Мұндай жағдайда кондиционер ауадағы ылғалды кептіріп, терезелердің булануын болдырмауға көмектеседі", - дейді сарапшы.

Сонымен қатар сарапшының айтуынша, кондиционерді тұрақты түрде пайдалану зеңнің және микроорганизмдердің пайда болуын болдырмайды, бұл денсаулық үшін өте маңызды.

Егер кондиционер қыста мүлде қолданылмаса, оның компоненттері, әсіресе компрессор муфтасы, коррозияға ұшырауы мүмкін. Кондиционер жұмыс істегенде ғана компрессор майланады, сондықтан оны ұзақ уақыт қоспау жүйенің тозуын тездетеді.

"Кондиционерді аптасына кем дегенде 15 минутқа қосып тұру қажет. Бұл жүйенің қызмет ету мерзімін ұзартады. Алайда -5 градустан төмен аяз кезінде кондиционер автоматты түрде өшіп, буландырғыштың мұздануын болдырмауы мүмкін", - дейді сарапшылар.

Қыс маусымы басталмай тұрып кондиционерді дайындау маңызды.

"Салон сүзгісін ауыстыру, ауа арналарын және буландырғышты тазалау, сондай-ақ компрессордағы салқындатқыш сұйықтық пен майды жаңартып, толықтыру қажет. Жүйенің қалыпты жұмысы үшін әр 2-3 жыл сайын қызмет көрсету орталығына барып, тексеруден өткізіп тұрған жөн", - дейді мамандар.

Қыста одан бөлек, жолдан ұшып кету қаупі бар. Трассадан тайып кетпеу үшін ескеру керек кеңестер тізбегін ұсынамыз.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Н. Ынтымақұлы