Көктайғақ, қарлы боран, қар үйінділері мен көріну қашықтығының төмендеуі жүргізушілерден ерекше мұқияттылық пен сақтықты талап етеді. "ҚазАвтоЖол" жүргізушілерге келесідей кеңестерді ұсынды, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Қысқы сапарлардың қауіпсіз өтуі үшін автокөлікті алдын ала дайындап, күрделі ауа райы жағдайында көлік жүргізудің негізгі ережелерін сақтау маңызды.
Қысқы жолдардағы негізгі қауіп-қатерлер
- Көктайғақ. Жолдың жүру бөлігінде көзге бірден байқала бермейтін жұқа мұз қабаты пайда болуы мүмкін. Әсіресе ауа температурасы құбылған кезде мұндай учаскелер аса қауіпті.
- Қар үйінділері. Жолдың ашық учаскелерінде қатты жел қарды ұйтқытып, көлік қозғалысына кедергі келтіретін қарлы бөгеттер қалыптастыруы мүмкін.
- Көріну қашықтығының төмендеуі. Тұман, қар жаууы мен боран жолды көру мүмкіндігін шектеп, жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттырады.
- Төмен температура. Қатты аяз аккумулятордың, қозғалтқыштың және автокөліктің басқа да жүйелерінің жұмысына кері әсер етуі мүмкін.
Автокөлікті қысқа қалай дайындау керек?
Қыс мезгілі басталмай тұрып, автокөліктің техникалық жағдайын тексеріп, оның қысқы пайдалануға дайындығына көз жеткізу қажет.
- Қысқы шиналарды орнатыңыз. Маусымға сәйкес әрі техникалық регламент талаптарына сай шиналарды пайдаланыңыз. Олардың жай-күйі мен протектор тереңдігін тексеріңіз.
- Аккумуляторды тексеріңіз. Төмен температурада оның қуаты төмендейтіндіктен, аккумулятордың жарамдылығына алдын ала көз жеткізген жөн.
- Техникалық сұйықтықтарды тексеріңіз. Антифриз бен әйнек жуатын сұйықтықтың қысқы температураға төзімді болуын қадағалаңыз. Қажет болса, оларды ауыстырыңыз.
- Жарық беру құралдарын тексеріңіз. Фаралар, тежегіш шамдары мен бұрылыс көрсеткіштері дұрыс жұмыс істеуі керек. Оларды қар мен мұздан үнемі тазартып отырыңыз.
- Апаттық жиынтықты дайындаңыз. Автокөлікте сүйреу тросы, күрек, қолшам, жылы көрпе, қозғалтқышты оталдыруға арналған сымдар және қосымша әйнек жуатын сұйықтық болғаны жөн.
Қыста көлік жүргізудің қауіпсіздік ережелері
- Қауіпсіз арақашықтықты сақтаңыз. Тайғақ жолда тежеу жолы едәуір ұлғаяды. Сондықтан алдыңыздағы көлікпен арақашықтықты сақтаңыз.
- Қозғалыс жылдамдығын дұрыс таңдаңыз. Рұқсат етілген жылдамдыққа қарамастан, жол жабынының жағдайы мен ауа райын ескеріңіз.
- Күрт маневр жасамаңыз. Тежеу, жылдамдықты арттыру және бұрылу кезінде қозғалысты бірқалыпты орындаңыз. Рөлді күрт бұру немесе педальдарды кенет басу көліктің сырғанауына әкелуі мүмкін.
- Жақын жарықты пайдаланыңыз. Қар жауғанда, тұман түскенде және көріну қашықтығы төмендеген кезде бұл басқа жол қозғалысына қатысушыларға көлігіңізді дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.
- Көпірлер мен жол өткелдерінде мұқият болыңыз. Мұндай учаскелерде жолдың негізгі бөлігіне қарағанда мұз тезірек қатуы мүмкін.
Ауа райы қолайсыз болса, не істеу керек?
- Сапарды кейінге қалдырыңыз. Қатты боран, бұрқасын немесе қалың қар жауған кезде алыс жолға шығудан бас тартып, ауа райының жақсаруын күткен жөн.
- Жолдардың жай-күйін тексеріңіз. Жолға шықпас бұрын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми ақпараттық ресурстары арқылы жолдардың жағдайы мен қозғалысқа енгізілген шектеулер туралы ақпаратты біліңіз.
- Жабық жолмен жүруге тырыспаңыз. Қозғалысқа шектеу енгізілген жағдайда бекеттерді айналып өтуге немесе жабық учаскелермен жүруге болмайды. Мұндай әрекеттер өмір мен денсаулыққа елеулі қауіп төндіруі мүмкін.
Тәулік бойы байланыс
Тасжолда күтпеген жағдайға тап болсаңыз, "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының 1403 бірыңғай байланыс орталығына хабарласыңыз. Орталық арқылы жолдардың жағдайы туралы ақпарат алып, көмек көрсету жөнінде өтініш қалдыруға болады.