Қазақстан ұлттық құрамасы Туринде өтетін XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарына қатысады. Жарыстың ашылу салтанатында еліміздің Туын фристайлшы Аяулым Әмренова мен хоккейші Абылайхан Сүлейменов көтеріп шығады.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Аяулым Әмренова - фристайл бойынша ұлттық құрамадағы үздік спортшылардың бірі. Оның қоржынында 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола жүлделері бар. Сондай-ақ ол Қазақстан атынан 2018 жылы Пхёнчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен екі Олимпиада ойындарына қатысқан.
Абылайхан Сүлейменов - қазақстандық хоккейдің жарқын жұлдызы, "Номад" командасының ойыншысы. Спорттық мансабында жастар лигасы, төрт ұлттық турнир, Қазақстан кубогы, Құрлық кубогы, сондай-ақ АҚШ-та өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындарына қатысқан. Сол универсиадада Қазақстанның хоккей құрамасы үшінші орынды иеленген болатын.
2025 жылғы қысқы универсиада 13-23 қаңтар аралығында Туринде өтеді және әлемдегі ең ауқымды студенттік спорттық жарыстардың бірі болмақ. Сайысқа 57 елден шамамен 2000 спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 96 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Айта кетейік, XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиаданы "QazSport" телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.