Қазақстанда 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін көлікті қысқы дөңгелексіз пайдалануға тыйым салынады, – деп хабарлайды Massaget.kz.
2026 жылы белгіленген мерзімде қысқы шиналарды пайдаланбағаны үшін айыппұл 5 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), яғни 21 625 теңге. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзу қайталанса, айыппұл 20 АЕК-ке немесе 86 500 теңгеге дейін өседі.
Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді қысқы маусымға дайындалып, қолайсыз ауа райында сақ болуға шақырды. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Архат Төлегеновтің айтуынша, Қазгидромет болжамына сәйкес, 26 қарашадан бастап бірқатар өңірде жаңбыр мен қар жауып, жел күшейеді. Жолдар көктайғақ болуы мүмкін. Мұндай жағдайда көріну қашықтығы төмендеп, көліктің тежеу жолы ұзарады. Сондықтан полиция жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтық пен аралықты сақтауды, маневрлерді абайлап орындауды ескертті.
Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жол жағдайын тексеру қажет. Аса қажеттілік болмаса, қалааралық сапарды кейінге қалдырған жөн.
Жаяу жүргіншілер де жолдан өтерде көліктің толық тоқтағанына немесе жүргізушінің жол беріп жатқанына көз жеткізуі керек. Өткелден өткенде телефонға алаңдамай, құлаққапты шешіп, айналадағы қозғалысты бақылау ұсынылады.
«Полиция қызметкерлеріне жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмек көрсету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырма берілді», – деді Архат Төлегенов.
ІІМ жол қозғалысына қатысушыларды жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
О. Сансызбай