"Қырып аламыз ба деп қорқамыз". Павлодарлық шаруалар жаппай малдарын сатып жатыр

Павлодар облысында малға беретін шөптің бағасы шарықтап тұр. Бір тонна шалғынның құны бір тонна бидаймен теңесті. Қазір өңірде Ресейден келетін астықтың тоннасы 65 мың теңге тұрады. Ал, тоғай шөбінің тоннасы 60 мың теңгеден сатылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бағаның бұлай аспандауына биылғы жаздағы қуаңшылық себеп болып отыр. Ала жаздай жетісіп жаңбыр жаумаған соң даладағы шөптер қурап, егіннің көбі күйіп кетті. Оның үстіне, биыл жығылғанға жұдырық болып Ертіс өзені де шабындықтарға толық жайылмады. Қыста малын аштыққа ұшыратып алудан қорыққан шаруалар қазірдің өзінде төрт түліктерін сатып, басын азайтып жатыр.  

"Бүгінде шөптің бағасы бидайдың құнымен теңесті. Ауылшаруашылық саласында еңбек етіп жүрген 30 жылда мұндайды бірінші рет көруім. Қаржы ұйымдары арқылы кредитке мал алдық. Енді сол төрт түлікке азық таба алмай отырмыз. Мына түрімізбен оларды шөп жеткізе алмай қырып аламыз ба деп уайымдаймыз. Осы қиындықтарға  қарамастан, несиені өтеу керек" - дейді шаруақожалық иесі Александр Касицын.

Осы күндері Павлодар облысында 981 мың егіс алқаптарының 10%-ы ғана бітік шыққан. 67 пайызы орташа деңгейде, ал 15 пайызы, яғни 147 мың гектар егістік күйіп кеткен. Биыл дәнді-дақылдар сепкен 137 шаруашылықтың еңбегі зая болды. Астықпен қоса мал азығының да түсімі нашар. Осы жылы жоспар бойынша бір жарым миллион тонна шөп шабылуы тиіс болған. Соның 327 мың тоннасы ғана жиналды. Бұған дейін аймақтағы шаруалар төтенше жағдай жариялау керек, деп қаншама дабыл қаққанымен жергілікті билік оған құлақ аспады. Олар тек, бағасы арзандатылған жанар-жағармайдың көлімен 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға ұлғайтуға ғана шамалары келді. Мына түрімен шаруалар таяқ ұстап қаламыз ба деп алаңдайды. 

Е.Базарқұл

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!