8 қазанда Қырым көпірінде жүк көлігі жарылып, пойыздың жеті жанармай цистернасы өртенді. Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты. Ресей президенті Владимир Путин оқиғаны Украина арнайы қызметі ұйымдастырды деп айыптады. Massaget.kz тілшісі жарылыс салдары мен себебіне шолу жасады.
Қырым көпірі қалай пайда болды?
Қырым немесе Керчь көпірі - Қырым аннексияланғаннан кейін Ресеймен арасындағы байланысты орнату үшін салынған көпір. Ол Керчь пен Таман түбектерін байланыстырады, ұзындығы - 19 шақырым. Бұл - Ресей салған Еуропадағы ең ұзын көпір.
Көпір неден құлауы мүмкін?
Украиналық әскери-саяси бақылаушы Александр Коваленко FREEДОМ-ға берген сұхбатында көпірдің басқа көпірлер сияқты жарылысқа төтеп бере алмай, неліктен бірден құлағанына талдау жасады.
"Біріншіден, Көпірдің басы мен аяғында РФ Көлік министрлігінің ведомстволық күзетінің бақылауындағы стационарлық бақылау-тексеру кешендері орналасқан. Осы жерде Керчь көпірінен өтетін түрлі жүктердың жарылғыш заттары бар-жоғына бақылау жүргізіледі. Яғни,мұны диверсия факторы ретінде қарастыруға болмайды, себебі жарылғыш заттары бар жүк көлік басқарма жанынан тексерусіз өтіп кете алмайды. Бір ғана қорытынды шығара аламыз - шынымен жарылғыш заттарды тасымалдаған ресейлік әскери жүк көлігі көпірде "сәтті" жарылды", - дейді Коваленко.
Сарапшының айтуынша, көпір құлауының екінші факторы - маңызды нысандарды салу кезінде халықаралық стандарттарға, материалдар сапасына қойылатын талаптар ескерілмеді.
"Мысалы, Антоновский автомобиль көпірі, Каховка көпірлерінің құлауы үшін қанша зымыран қарулар жіберілді. Одесса облысындағы Затока көпірді де құлату үшін қанша уақыт кетті. Бұл жағдайда жүк көлігінің жарылуы көпірді опырып жібермеуі керек еді, бірақ көпір құлады. Демек жемқорлық пен салғырттықтың кесірінен көпір дұрыс салынбаған", - дейді сарапшы.
Еске салайық, Қырым көпірі 2018 жылы салынып, оған 288 миллиард рубль жұмсалған. Ал көпір жарылған соң шығын 500 миллион рубльге дейін жетіп отыр.
Ресей тарапының мәлімдемесі
Ресей президенті Владимир Путин Украинаны ресейлік маңызы бар инфрақұрылымды қасақана жарды деп айыптап, қарсы тараптың Ресейге жасаған терракті деп атады.
"Қылмысқа тапсырыс берген де, оны орындаған да - қалыптаса алмаған Украина мемлекеті. Бұл - Киев тарапынан жасалған террористік акт пен диверсия", - деді Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев.
Аннексияланған Қырымның басшысы Сергей Аксенов көпірдің жағдайын Telegram-арнасында хабарлап отырады.
"Жұмысымызды жалғастырамыз. Біз бәрін жеңеміз", - деп жазды ол арнасында.
Украина тарапының әрекеті
Украина тарапы да болған оқиғаға бей-жай қарап қалған жоқ. Николаев облыстық мемлекеттік әкімшілігінің басшысы Виталий Ким жарылыс тұсірілген видеоны Twitter-парақшасында жариялады.
Ал Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Twitter-де құлаған көпірдің суретін жариялап, ағылшын тілінде былай деп жазды: "Қырым, көпір, бастама. Заңсыздың барлығы жойылуы керек, ұрланғанның бәрі Украинаға қайтарылуы керек, ал Ресей басқыншыларын елден шығару керек".
Алайда кейін Подоляк жарылысқа Украинаның қатысы жоқ деп жазды.
"Путин көпірі құлады. Көпірді кім жарғаны әлі белгісіз. Еске салайық, жүк көлігі Ресейден шықты", - деп жазды ол.
Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов Қырым көпіріндегі жарылысқа қатысты Facebook-парақшасында қызық жазбаны бөлісті.
Ол Мэрилин Монроның АҚШ президенті Джон Кеннедиді құттықтап жатқан видео мен көпірдегі жарылыс түскен видеоны біріктіріп, "Қайырлы таң, Украина" деген жазба қалдырды.
Еске салайық, 7 қазанда Ресей президенті Владимир Путин 70 жылдығын атап өтті.
@massaget.kz #крым#мост#көпір#жарылыс#ресей#украина#қазақстан#казахстан#россия#рек#новости#жаңалық#хочуврек#қырым ♬ оригинальный звук - Massaget.kz
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!