“Қыруар қаржыны оңды-солды шашуды доғару қажет“. Тоқаев әкімдерге қатаң ескерту жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

️Президенттің пікірінше, әкімдіктегі бюджеттік комиссия құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн.

"Осылайша жұмыс сапасын арттырып, қаражат тиімді жұмсалуын қадағалауға болады. Қыруар қаржыны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғару қажет. Әкімдер республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермеуі керек. Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, жергілікті билік өкілдері табысты көбейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс.

"Бюджет қабылданатын кезде "Қанша жұмыс орны ашылады, жеке инвестиция тартыла ма, бизнестің дамуына қандай жағдай жасалады, қанша салық төленеді?" деген сауалдарға нақты жауап берілуі керек. Күрішті күрмектен ажырата білу қажет. Бұл - барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихаттар депутаттары ең алдымен мемлекет мүддесіне қызмет ететін бір ұжым, бір команда деген сөз. Барлық аймақтың мәслихаттары мен әкімдіктері бірлесіп, бюджеттің әр теңгесінің ел игілігіне жұмсалуын қамтамасыз етуге міндетті", - деді Президент.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!