"Қыруар қаржым кетті". Алматыда темірден түйін түйген шебер тұрады

"Қыруар қаржым кетті". Алматыда темірден түйін түйген шебер тұрады

Елімізде он саусағынан өнер тамған азаматтар жетерлік. Шеберлігінің арқасында екі темірдің қосындысынан нәпақа тауып жүрген осындай азаматтардың бірі - Ерсін Серікболсын. Ол - Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының тумасы. Дәнекерлеуші болып жүргеніне биыл 5 жыл болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерсін Серікболсынның сөзінше, әскери қызмет саласында 18 жыл бойы қызмет еткен.

"Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін әскери қызметке шақырылып, алғаш әскери қызметші болып жұмысқа орналастым. Бұл салада 18 жылдық тәжірибем бар. Қазір запастағы офицермін. Содан кейін Алматы қаласына көшіп келіп, 2018 жылы осы дәнекерлеумен айналыстым", - дейді ол қызметін қалай бастағаны туралы.

Ол дәнекерлеу ісіне әлемде пандемия басталған кезде келген екен. Оның айтуынша, алғашында бұл іспен отбасын асыраймын деген ойы болмапты.

"Алғашында үйде отырған соң айналыса бастадым. Содан осындай темірдің қосындысынан кішкентай балаларға ойыншық көліктер, кәдесый, тіпті үйге керек құрал-жабдықтар жасауды жолға қойдым. Бір-екі тапсырыс қабылдап жасап көрдім, өте сәтті шықты. Қазір осы іспен нәпақа тауып отырған жайым бар", - дейді шебер.

Шебер қолынан шыққан әрбір кәдесый көлікке арналған арнайы бояумен әрленеді екен.  

"Қазір нарықта баға өте қымбат. Бұл көліктердің бояуы бар, темірі бар одан қалды дәнекерлеудің арнайы құрылғысы бар. Түрлі түсті бояумен бояған соң оның да шығыны өте көп болады. Бас-аяғы бір көлікті жасап шығаруға қалтадан 80-90 мың қаражатым кетеді. Ал ол бояудың кебуі бар, темірдің дайын болуы - жалпы есепте 15 күнді қажет етеді", - дейді Ерсін Серікболсын.

Оның айтуынша, көп жағдайда кеткен шығын ақталмайды. Сондықтан көліктердің бағасын көтеріпті.

"Қазір тапсырыс анағұрлым көп емес, себебі кеткен шығынның орнын толтыру мақсатында бір көліктің бағасын 150 мың теңгеге бағалап отырмын. Ал бұл баға қарапайым халықтың қалтасына салмақ болатыны анық. Дегенмен қызығушылық танытқан жандарға арнайы жеңілдік жасап отырамын", - дейді дәнекерлеуші. 

Есентемір Ерболұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz