Қырқынан шығару: неге ұлды 41-күні, қызды 39-күні шығарады?

Қазақстандық этнограф ғалым Болат Бопайұлы Baribar.kz тілшісіне неге қыз бала мен ұл баланың қырқынан шығару мерзімі әртүрлі болатынын түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Болат Бопайұлының айтуынша, баланы қырқынан шығару қазақ халқы үшін өте маңызды. Қырқынан шығарғанда баланы қырық әйел легенге су толтырып, алтын, күміс бұйымдарды салып, баланың үстіне қасықпен су құйып, жуындырады. Қырқынан шығарғанда баланың тырнағын, қарын шашын танымал, білімді адамдарға алғызған. Алынған тырнақ пен шашты тастай салмай, жидің немесе бәйтеректің түбіне көмген.

Маманның айтуынша, ұл баланы қырқынан асырып, 41-күні қырқынан шығарса, қызды 39-күні шығарады. Себебі ананың құрсағында қыз тоғыз ай, тоғыз күн жатады, ал ұл тоғыз ай он екі күн, яғни үш күн артық жатады. Сондықтан қыздың балиғат жасы тоғыз жас болады, ұлдың балиғат жасы - 12 жас.

Ғылымда да ұл бала 40 күнге дейін екі дүниенің ортасында жатады екен. Оның есту қабілеті, өзі әлсіз болады. Көзі дұрыс көрмей, толық ашылмайды, мойны бос болады, еңбегі қатпайды, ал сүйегі өте жұмсақ болады. Бала 40 күннің ішінде толық қалыптасады. Оған қоса анасы сол уақытта әл жинап, қол-аяғын бауырына алады.

Айта кетейік, бала 40 күн бойы иткөйлек киеді. Иткөйлек дегеніміз - жаңа туған нәрестеге арнап тігілген қырқынан шыққанша киетін ғұрыптық көйлек. Иткөйлек шешкеннен кейін оны ата-анасы тұмар ретінде сақтап қоятын. Ер адамдар баласының иткөйлегін көбіне жауға барғанда тұмар ретінде қойнына салатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз