2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысында Ғани Бейсембаев жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет колледждерді қаржыландырудың жаңа нормативін қабылдады.
"Қазіргі уақытта бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, келесі оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге жеткен колледждер үшін ол 2 еседен артыққа өсіп, орташа есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады. "Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау және педагогтардың біліктілігін арттыру біз үшін басты басымдық", - деді Оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, 2025 жыл Қазақстанда "Жұмысшы мамандықтары жылы" болып жарияланды. Бұл бастама жұмысшы кәсіптерінің беделін арттырып, білікті мамандар даярлауды күшейтуге бағытталған. Жыл бойы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға, бизнес пен өндіріс орындарының білім беру үдерісіне қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз