Қыркүйекте көптеген маңызды өзгеріс болады. Күздің алғашқы айында Президент халыққа жыл сайынғы жолдауын жариялайды, жаңа бірпалаталы парламент - Құрылтай толыққанды жұмысын бастайды, сондай-ақ, бірқатар заң күшіне енеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің жолдауы
Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын қыркүйекте халыққа жолдау жариялайды. Мемлекет басшысы Құрылтайдың алғашқы отырысында Құрылтай мен Үкімет құрамы толық жасақталған соң жолдауын жариялайтынын мәлімдеді.

Жаңа оқу жылы басталады
1 қыркүйекте мектеп оқушылары мен студенттерге дәстүрлі түрде оқу жылы басталады. Қазір еліміздің 8 мыңнан аса мектебінде 4,1 миллион оқушы білім алады.
Биыл 380 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Ал 227 мың оқушы 11-сыныпқа көшкен.
Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев
Жаңа міндетті пәндер енгізіледі
Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жаңа міндетті пәндер енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, 5-7-сынып оқушылары "Конституция негіздерін" оқиды, ал 8-11-сыныптарда "Заң және тәртіп" пәні енгізіледі. Тағы бір жаңа міндетті пән - "Жеке қауіпсіздік". Ол 5-тен 11-сыныпқа дейін оқушыларға оқытылады.
Сонымен қатар, бұрын таңдау пәні ретінде оқытылып келген "Құқық негіздері" барлық оқушыға міндетті пән болады. Курстың мазмұны да жаңартылған.
Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов
Бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алып тасталады
1 қыркүйектен бастап 2-4-сынып оқушыларын бағалау жүйесі өзгереді. Бастауышта бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ), тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алып тасталады.
Олардың орнына әр бөлім аяқталғаннан кейін аралық бағалау өткізіледі. Бұрын БЖБ-ға шамамен 15-20 минут бөлінсе, енді аралық жұмыс толық бір сабаққа есептеледі.
2-4-сынып оқушыларының жұмысы 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша бағалана береді. Баланың бүкіл сабақ бойындағы жұмысы - сұрақтарға жауап беруі, өздік тапсырмалары, жұппен және топпен жұмысы, сондай-ақ, үй тапсырмасы ескеріледі.
Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов
Құрылтай жұмысын бастайды
23 тамызда Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Оған ресми тіркелген барлық жеті саяси партия қатысты. Құрылтайға бес партиядан 145 депутат кірді: "Әділет", Respublica, "Ауыл", "Ақ жол", ЖСДП.
Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылуы 28 тамызда өтті. Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды.
Депутаттар заң жобаларын қарастыратын пленарлық отырыстар қыркүйекке жоспарланған.
t.me/quryltairesmi
Психологтар туралы заң күшіне енеді
Қазақстанда 2 қыркүйекте психологиялық қызмет туралы жаңа заң енгізіледі. Бұған дейін психологтардың жұмысын реттейтін жеке заң болмаған еді.
Қазақстанда психологтардың мемлекеттік цифрлық тізімі жасалады. Мамандар оған бір жыл ішінде тіркелуге тиіс. Психологтарды тек жоғары оқу орындары дайындай алады, мамандар кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттыруға міндетті болады.
depositphotos.com
Заң бойынша мынадай шектеулер де бар: психологтар дәрі-дәрмек тағайындай алмайды және психикалық ауруы бар адамдарға психологиялық көмек көрсете алмайды. Консультацияларды бетпе-бет, қашықтан немесе аралас форматта өткізуге болады. Онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтін психологтар мемлекеттік тізімдегі тіркеуі, білімі мен біліктілігі туралы мәліметті көрсетуге міндетті.
Нотариустарға бақылау күшейтіледі
Қыркүйектен бастап Қазақстанда заңнама бұзған нотариустардың жауапкершілігі күшейтіледі. Жеке дерекпен жұмыс істеудегі заңбұзушылықтар және Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйеге мәліметті енгізу мерзімін бірнеше рет сақтамағаны үшін лицензиясы тоқтатылуы мүмкін. Ал электрон цифрлық қолтаңбаның кілтін басқа адамдарға заңсыз бергені үшін лицензия кері қайтарып алынуы ықтимал.
depositphotos.com
Алматыда қыркүйектен бастап көліктерге жаңа тексеріс енгізіледі
1 қыркүйектен бастап Алматыда бензинмен, газбен және дизель отынымен жүретін көліктер экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтау үшін техникалық тексерістен өтуге тиіс.
Бұл - міндетті техникалық байқаудың бөлігі емес, жеке жүргізілетін тексеріс. Осы арқылы бензин және газбен жүретін көліктердің шығарынды газы, ал дизель отынын пайдаланатын көліктердің түтін шығару деңгейі өлшенеді.
Жаңа талап 1 қыркүйектен кейін кезекті техникалық байқау мерзімі келетін көліктерге ғана қатысты. Жүргізушілер аккредиттелген станцияларда қалауы бойынша техникалық тексеріс пен міндетті техникалық байқаудан бірден өте алады.
Алматы әкімдігі
Қыркүйектегі демалыс
Қыркүйекте мемлекеттік және ұлттық мерекелер жоқ, сондықтан бұл айда қосымша демалыс қарастырылмаған.
Бес күндік жұмыс аптасындағыларға қыркүйекте 22 жұмыс күні және 8 демалыс күні болады. Ал алты күндік жұмыс аптасындағыларға 26 жұмыс күні, 4 демалыс күні болады.
depositphotos.com
Қазақстанға көлік әкелу талаптары қатаңдайды
Қазақстанда шетелден көлік әкелу талаптарын күшейту жоспарланып отыр. Өзгерістер оң рөлді көліктерді сол рөлге қайта жабдықтау тәжірибесіне және көліктердің қауіпсіздік талаптарына қатысты болмақ.
Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген түзетулерге сәйкес рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерге көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік беру тоқтатылуы мүмкін. Яғни мұндай көліктерді Қазақстанға әкелу және тіркеу тәртібі қиындай түседі. Құжат 1 қыркүйектен бастап күшіне енді.
depositphotos.com
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова