- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қыркүйекте Қазақстанға келген...
Қыркүйекте Қазақстанға келген туристер саны жарты миллионнан асты
Қазақстандағы туристер саны соңғы 2 аптада жарты миллионнан асты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қыркүйек айында өткен іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстанға 2024 жылғы 1-13 қыркүйек аралығында келген шетелдік туристер саны 597 мыңға жетті. Оның 68 мыңы елімізге Астана және Алматы халықаралық әуежайлары арқылы, қалғандары авто және теміржолмен келген.
Шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуі мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Аталмыш шараларға 89 мемлекеттің азаматтары келген.
"Шетелдік қонақтар негізінен Қытай, Ресей, Үндістан және Германия елдерінен келді. Атап айтсақ, Қытайдан 8 мыңнан астам, Үндістаннан 6 мыңнан астам, Германиядан 4 мыңнан астам турист тіркелген. Бұл деректер Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді", - деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Вице-министрдің сөзінше, туристердің едәуір бөлігі Германия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген.
EQonaq жүйесі Астанада 12,4 мыңға жуық шетелдік туристі тіркеді. Олардың тұруға, көлікке, тамақтануға және ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығындары 15,5 млн АҚШ долларын немесе 7,5 млрд теңгені құраған. Алыс шетелден келген туристердің орташа шығыны 1500 доллардың шамасында. Демек, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың АҚШ доллар қосқан.
Айта кету керек, елорданың танымал туристік нысандарына 7-13 қыркүйек аралығында келушілер саны артқан. Айталық, Қазақстанның Ұлттық музейі 14 мыңнан астам адамды қабылдап, "Астана-Бәйтерек" монументіне 15 мыңға жуық турист, ал "Нұр-Әлем" павильонына 10 мыңға жуық адам келген.
Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары Қазақстанның туристік имиджін нығайту үшін елеулі үлес қосты. Көшпенділер ойындарының ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, этноауыл мен ойындардың өзін көруге 250 мыңнан астам адам келген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева