Қазақстанда қыркүйекте бірқатар маңызды жаңалық болады. Massaget.kz тілшісі күздің бірінші айында не өзгеретініне шолу жасады.
1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қыркүйектің 1-інен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан аса оқушы, сондай-ақ, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады.
Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңге, ең жоғары баға Алматы қаласында 800 теңге болып отыр.
Қыркүйектен бастап бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15 пайызға, ТжКБ студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға өседі.
1 қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Мемлекет басшысы тапсырмасымен 2020 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға өскен еді. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тағы 30 пайызға өседі.
Осылайша, еліміздегі 97 мыңнан аса педагогтің жалақысы 2,5 есе артады.
Президент бұған дейін ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесіне қатысты айтқан еді.
"Олар инфляцияның әсерін, яғни азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының өсуін қатты сезінеді. Біз ерекше қажеттіліктері бар және оларға күтім жасайтын адамдарды қолдау шараларын күшейтуіміз керек. Отбасында асыраушысынан айырылған азаматтарды назардан тыс қалдыруға болмайды. Үкіметке биыл 1 қыркүйектен бастап осы санаттағы адамдардың жәрдемақысын 14,5 пайызға арттыруды тапсырамын", - деді Президент.
1 қыркүйектен мысық пен итті есепке қойып, чиптеу міндетті болады. Ал үй жануарларының басқа түрлерін, яғни егеуқұйрық, хомяк немесе мини-пигтерді есепке алу ерікті негізде жүргізіледі.
Қазақстандықтар үшін электрон жүйеге жануарлары туралы ақпаратты енгізу тегін болады. Дегенмен чип тағу үшін мысық пен ит иелері өз қалтасынан ақша төлеуге тиіс. Оны өтеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет түрі тегін болмақ.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойған болатын. Соған сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы 2023 жылғы 1 қыркүйекте сағат 11:00-де Астана қаласында өтеді.
10 шілдеде Президент "Интернет-алаңдар және интернет-жарнамалар туралы" заңға қол қойған болатын. Соған сәйкес блогерлер жарнамалық материалы үшін салық төлейтіні, ал жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылатыны айтылды. Заң БАҚ-та ресми жарияланғаннан кейін 60 күн ішінде күшіне енеді.
Мәдениет және спорт министрлігі және "Kazakh Tourism ҰК" АҚ қолдауымен үндістандық IndiGo ірі әуекомпаниясы "Дели - Алматы - Дели" рейсін ашады. Бұл бағыт бойынша тасымал қыркүйек соңында басталып, ұшақтар аптасына үш рет ұшады.
Алдағы қыркүйекте қазақстандықтар күнтізбеде сенбі мен жексенбіге сәйкес келетін тоғыз күн демалады. Бұл айда мемлекеттік мерекелер жоқ.
Осылайша, демалыс мына күндерге сәйкес келеді: 2, 3, 9, 10, 16, 17, 23, 24 және 30 қыркүйек.
Қыркүйекте орташа температура республиканың басым бөлігінде нормаға жақын, нормадан 1 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Бұл құбылыс Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбенің солтүстік-батыс жартысында, Қостанайдың солтүстігінде, Солтүстік Қазақстан облыстарының шеткі солтүстік-батысында байқалады.
Күздің бірінші айында жауын-шашын мөлшері де республиканың басым бөлігінде нормаға жақын болады. Бұл құбылыс Маңғыстау облысы мен Ұлытау облысында, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының және Жетісу облысының басым бөлігінде, Атыраудың шеткі оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облыстарының шеткі оңтүстік-батысында, Абай облысының оңтүстік-батысында байқалады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!