- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қыркүйекте қазақстандықтарды қандай...
Қыркүйекте қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?
Қазақстанда қыркүйекте бірқатар маңызды жаңалық болады. Massaget.kz тілшісі күздің бірінші айында не өзгеретініне шолу жасады.
- Қыркүйектен бастап мектепте кімдерге тегін тамақ беріледі?
Тұрар Қазанғапов
1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл қыркүйектің 1-інен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан аса оқушы, сондай-ақ, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады.
Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңге, ең жоғары баға Алматы қаласында 800 теңге болып отыр.
- Қыркүйектен бастап шәкіртақы мөлшері қаншаға өседі?
Тұрар Қазанғапов
Қыркүйектен бастап бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15 пайызға, ТжКБ студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға өседі.
- Докторанттарға (оның ішінде "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша) 217 500 теңге;
- Даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға 111 579 теңге;
- Магистранттарға 97 024 теңге;
- Интерндерге 75 890 теңге;
- Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық және "Денсаулық сақтау" бағыттары бойынша білім алатын студенттерге 67 200 теңге;
- Даярлаудың педагогикалық бағыттары және "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге 41 898 теңге;
- Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге 32 681 теңге;
- Техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге 31 422 теңге шәкіртақы беріледі.
- Қыркүйектен бастап кімдердің жалақысы өседі?
Тұрар Қазанғапов
1 қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Мемлекет басшысы тапсырмасымен 2020 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға өскен еді. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тағы 30 пайызға өседі.
Осылайша, еліміздегі 97 мыңнан аса педагогтің жалақысы 2,5 есе артады.
- Тоқаев қыркүйектен бастап кімдердің жәрдемақысын өсіруді тапсырды?
Тұрар Қазанғапов
Президент бұған дейін ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесіне қатысты айтқан еді.
"Олар инфляцияның әсерін, яғни азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының өсуін қатты сезінеді. Біз ерекше қажеттіліктері бар және оларға күтім жасайтын адамдарды қолдау шараларын күшейтуіміз керек. Отбасында асыраушысынан айырылған азаматтарды назардан тыс қалдыруға болмайды. Үкіметке биыл 1 қыркүйектен бастап осы санаттағы адамдардың жәрдемақысын 14,5 пайызға арттыруды тапсырамын", - деді Президент.
- Қыркүйектен бастап ит-мысықты чиптеуге қатысты қандай өзгеріс болады?
pixabay
1 қыркүйектен мысық пен итті есепке қойып, чиптеу міндетті болады. Ал үй жануарларының басқа түрлерін, яғни егеуқұйрық, хомяк немесе мини-пигтерді есепке алу ерікті негізде жүргізіледі.
Қазақстандықтар үшін электрон жүйеге жануарлары туралы ақпаратты енгізу тегін болады. Дегенмен чип тағу үшін мысық пен ит иелері өз қалтасынан ақша төлеуге тиіс. Оны өтеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет түрі тегін болмақ.
- Парламент палаталарының бірлескен отырысы қашан өтеді?
parlam.kz
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойған болатын. Соған сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы 2023 жылғы 1 қыркүйекте сағат 11:00-де Астана қаласында өтеді.
- Блогерлерге қатысты қандай өзгеріс болады?
pixabay
10 шілдеде Президент "Интернет-алаңдар және интернет-жарнамалар туралы" заңға қол қойған болатын. Соған сәйкес блогерлер жарнамалық материалы үшін салық төлейтіні, ал жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылатыны айтылды. Заң БАҚ-та ресми жарияланғаннан кейін 60 күн ішінде күшіне енеді.
- Қыркүйектен бастап Дели-Алматы бағытында төте рейс ашылады
Pixabay
Мәдениет және спорт министрлігі және "Kazakh Tourism ҰК" АҚ қолдауымен үндістандық IndiGo ірі әуекомпаниясы "Дели - Алматы - Дели" рейсін ашады. Бұл бағыт бойынша тасымал қыркүйек соңында басталып, ұшақтар аптасына үш рет ұшады.
- Қыркүйекте қазақстандықтар қалай демалады?
Алла Иманбердиева
Алдағы қыркүйекте қазақстандықтар күнтізбеде сенбі мен жексенбіге сәйкес келетін тоғыз күн демалады. Бұл айда мемлекеттік мерекелер жоқ.
Осылайша, демалыс мына күндерге сәйкес келеді: 2, 3, 9, 10, 16, 17, 23, 24 және 30 қыркүйек.
- Қыркүйекте ауа райы қандай болады?
Тұрар Қазанғапов
Қыркүйекте орташа температура республиканың басым бөлігінде нормаға жақын, нормадан 1 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Бұл құбылыс Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбенің солтүстік-батыс жартысында, Қостанайдың солтүстігінде, Солтүстік Қазақстан облыстарының шеткі солтүстік-батысында байқалады.
Күздің бірінші айында жауын-шашын мөлшері де республиканың басым бөлігінде нормаға жақын болады. Бұл құбылыс Маңғыстау облысы мен Ұлытау облысында, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының және Жетісу облысының басым бөлігінде, Атыраудың шеткі оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облыстарының шеткі оңтүстік-батысында, Абай облысының оңтүстік-батысында байқалады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова