Әлеуметтік желіде "қыркүйек" сөзі қалай дұрыс жазылатыны туралы дау әлі де жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Вице-президент Ерлан Қарин осы мәселеге байланысты жиын өткізді.
"Қыркүйек" пен "қыргүйекке" қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас. Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да", - деді ол.
Вице-президенттің сөзінше, бұл - сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы.
"Біздің міндетіміз - осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, осы тақырып жөнінде пікір алмастық. Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа орфография сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі. Орфография сөздігі соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөз қосылды. Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа орфография сөздігіне де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз", - деді Ерлан Қарин.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде "қыркүйектің" жазылуына байланысты қызу пікірталас туындаған еді. Көпшілік оқушылардың дәптерлері мен оқулықтарында үйреншікті "қыркүйек" сөзі "қыргүйек" болып түзетіле бастағанын байқаған.
Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері "қыргүйек" нұсқасы 2013 жылғы қазақ тілінің орфография сөздігінде бар екенін хабарлады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!