- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қырғызстанның әскери прокуратурасы...
Қырғызстанның әскери прокуратурасы Күдебаевтың шекарадан заңсыз өтуіне қатысты қылмыстық іс қозғады
Қырғызстанның Әскери прокуратурасы қазақстандық генерал Серік Күдебаевтың шекарадан заңсыз өтуіне қатысты қылмыстық істі тергеумен айналысып жатыр. Бұл туралы 24.kg басылымына құқық қорғау органдарындағы дереккөздер хабарлаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облысының Полиция департаментінің экс-басшысы Қазақстан-Қырғызстан шекарасынан заңсыз өткен. Басылым мәліметінше, болжам бойынша Күдебаев бақылау-өткізу пунктінің бірінде шекара қызметінің әскери қызметшісі оның Қырғызстан аумағында болуын заңдастырған.
"Артынша Күдебаев "Манас" әуежайы арқылы Түркияға ұшып кеткен. Әскери прокуратура заңсыз көші-қон дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл іс бойынша төрт адам өтіп жатыр. Олар Бішкектің тергеу изоляторына қамалды. Алдын ала ақпарат бойынша, қатысушылардың бірі-әскери қызметші, қалған ұсталғандар қарапайым азаматтар", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, былтыр сәуірде бірнеше аймақтағы Полиция департаменттері мен ҰҚК басшылары қаңтардағы тәртіпсіздік бойынша күдікті деп танылды. Екі аптадан кейін ІІМ басшысы Серік Күдебаевты қызметінен босатты. Содан кейін ол өз еркімен кеткені туралы хабарланды. Ал мамырда қаңтар оқиғасы бойынша күдіктілер тізімінде Күдебаев та бар екені белгілі болды.
Сондай-ақ, биыл 5 қаңтарда Мәжілісте Алматы облысы ПД бастығы Серік Күдебаев түсіп қалған видео көрсетілді. Кадрларда ол қарулы күзетпен өзі күзетуі қажет болған департамент ғимаратынан кетіп бара жатады.
28 сәуірде Күдебаевқа сот үкімі шықты. Жетісу облыстық соты мәліметінше, Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина