Жамбыл облысында полицейлер жолда қалып қойған Өзбекстанның жас футболшыларына көмектесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Батыс Еуропа - Батыс Қытай халықаралық тасжолының 568-шақырымында, Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылы маңында автобус жолда бұзылып қалған.
Автобуста Өзбекстан Республикасының 42 азаматы, яғни 2013 және 2014 жылғы 37 бала, оларды алып жүрген 5 ересек адам болған.
"Балалар Қырғыз Республикасында өткен халықаралық футбол турнирінен үйіне қайтып келе жатқанда, жолда автобус бұзылып қалған. Хабарлама түскен бойда полиция қызметкерлері жедел жетті. Балалар мен оларды алып жүрген азаматтар аптап ыстықта қиналып қалмас үшін Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйіне жеткізілді. Онда қонақтарға ыстық тамақ, ауызсу беріліп, тынығуға қажет жағдай жасалды", - деді ІІМ өкілдері.
Қосымша автобус келгеннен кейін жас футболшылар жолын жалғастырған. Балалардың ешқайсы зардап шекпеген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова