Қырғызстаннан автомобильді қалай әкелу керектігін ОКҚ брифингінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті бақылау-өткізу бекеттерінің қызметін ұйымдастыру басқармасының басшысы Қайрат Маубаев айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруі туралы келісімшарт негізінде жеке мүдде үшін автомобильді әкелуге болатын мерзім 2014 жылдың 1 қаңтары болып бекітілді. Яғни, Қырғызстанға 2014 жылдың 1 қаңтарынан кейін әкелінген автомобильдер ғана Кедендік одақтың тауары болып саналады. Ал бұдан кейін әкелінгендері транспорттық көліктің иесі Қырғызстан аумағында кедендік салықтар мен төлемдерді төлегеннен кейін ғана ол ЕАЭО аумағында пайдаланылады", -деді Маубаев.
Оның айтуынша, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар Кедендік одақтың тауары болып есептеледі, яғни осы аймақта төлемсіз еркін жүре алады.
"Келісімшартта 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін жүзеге асырылатын жеңіл автомобильдерге қатысты жағдай да қаралған. Яғни, бүгіннен бастап Қырғызстан азаматтары ЕАЭО аясында қарастырылған төлем бойынша кедендік тазалау жүргізе алады. Мұндай көліктер Қазақстан аумағында шетелдік автомобильдер болып саналады. Ал ЕАЭО елдері арасында жеңіл автокөліктерді тасымалдауға ешқандай кедергі жоқ. Ал қайта тіркеу жағдайына келер болсақ, ішкі істер органдары алғашқы реттік тіркеу ережесіне сәйкес нормамен ғана тіркейді. Бұл нормаға техникалық регламент кіреді - 4 экологиялық класс, бұғаттауға қарсы жүйенің болуы, қауіпсіздік жастығы мен балалар орындығын бекітетін орынның болуы. Осы регламенттер орындалмаған жағдайда Қырғызстанда тіркелген көліктер Қазақстанда қайта тіркеуге алынбайды. Сонымен қатар, Қырғызстан азаматына тіркелген авомобильді уақытша пайдалануға алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Яғни, сенімхатпен жүруге рұқсат жоқ", - деді ол.
Еске сала кетейік, 12 тамызда Қырғызстан ЕАЭО-ға толық құқылы мүше болды. Айта кетейік, бұл Одаққа Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армения кіреді.