Қазақстанда теңге девальвациясынан соң көптеген тауар, азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасы Қырғызстанмен салыстырғанда арзандаған. Қырғыз кәсіпкерлері тауарды енді Алматыдан тасуға көшті деп жазады Азаттық.
Аида витаминдер мен оның өнімдерін шығаратын халықаралық маркетинг желісінің Бішкек қаласындағы дистрибьютері болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, бір мың доллардың витамин өнімдерінің бағасы Қырғызстан астанасында 74-75 мың сом тұрады, ал Алматыда Қазақстан теңгесімен есептегенде екі есе арзанға түседі.
"Бағасында онша көп айырма болмаған соң бұрын өнімді Бішкектен сатып алатынбыз. Ал теңгені девальвациялай бастағаннан кейін тауар сатып алуға Алматыға баратын болдық, өйткені ол жақта өнімнің бағасы шамамен 50 пайызға арзандап кетті. 4-5 адам жиналып, Алматыға дейінгі және кері қайтар жолға көлік жалдап, жанар-жағармайына төлейміз. Қазақстанда бензин мен газ арзан болғандықтан, бұдан өзіміз ұтамыз", - дейді Аида.
Бішкек базарларындағы саудагерлер де енді осы әдіске жүгіне бастаған. Мысалы, кәсіпкерлер бұрын жұмыртқаны делдал арқылы көтерме бағамен сатып алатын, ал баға екі есе арзандағаннан кейін өздері Алматыдан таситын болды, оларға сол тиімді. Оның үстіне, екі қаланың арасында өз көліктерімен жүреді, ақша үнемдеуге ол да сеп.
Қазақстанда жанар-жағармай арзан деген уәжге келсек, мысалы Қордайда АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 23-24 сом, газдың 1 текше метрі 10-12 сом тұрады. Қырғызстандық кәсіпкерлердің көбі жеке меншік көлігін пайдаланғанымен, бұл Алматыға дейінгі жол шығынын азайтады.
«Дордой» мен «Қарасуда» сауда саябырлады
Бірер жыл бұрын тамақ өнімдері, киім-кешек пен қызмет түрлері бағасы жағынан Қырғызстан Орталық Азиядағы ең арзан ел саналатын. Қазақстандықтардың көбі Ыстықкөлде демалып, емделуге Бішкекке келетін. Енді, керісінше қырғызстандықтар азық-түлік, киім, техника сатып алу үшін Алматыға ағылып жатыр.
Бұрын Астанада Бішкекте тігілген киім-кешек сатумен айналысқан Теміржан Маткерімов енді арзан әрі тез болғандықтан, тауарды Алматыдан сатып алып жүр.
Қазақстанның оңтүстік астанасындағы бағаның арзандауына теңге девальвациясынан бөлек, Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» кеден бекетінде базарлар кешені ашылуы да түрткі болған. Базар Қытай тауарларын импорттауға мүмкіндік беретін еркін сауда-саттық аймағы болып саналады.
«Қорғас» базары ашылып, жұмысын бастағалы бері Алматы базарлары Қытай тауарларына толып, сауда жанданған. Сарапшылар Қазақстанда сауда көлемі ұлғайып, Қырғызстанның «Дордой» және «Қарасу» базарларында сауда мүлде тоқтауы мүмкін деген болжам айтады.
Теңге девальвациясынан кейін Қазақстан өнімдерін экспорттау көлемі біраз өскен, әрі оған сұраныс көбейіп, өндіріс кәсіпорындарының жүктемесі артқан. Мұның бәрі Қырғызстанның саудасы мен өндірісіне жайсыз тиіп тұр.
Арзан импорттың зияны
Қазақстандық арзан тауарлар Қырғызстан өндірісі мен экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр. Қазақстаннан импортталатын жұмыртқа көлемі ұлғайып, Қырғызстандағы тауық фермалары жабыла бастаған, өйткені отандық жұмыртқаның өзіндік құны Қазақстанға қарағанда екі есе қымбат – 3,5-4 сом.
Жергілікті «Аққу» тауық фермасы күніне 250-300 мың жұмыртқа өндіреді, бірақ Қазақстанның арзан өнім келіп жатқандықтан, сату көлемі азайған.
"Қазақстаннан жұмыртқаны көбінесе шағын автобус немесе жеңіл көлікпен 100-200 жәшіктен әкеледі. Бұл біздің өндірісімізге кедергі келтіріп жатыр. Шекарадағы санитарлық бақылау дұрыстап жұмыс істегенде, бұлай болмас еді", - дейді фабрика директоры Нұргүл Малдыбаева.
Қырғызстанның ұн шығаратын саласы да осындай қиындыққа тап болған, өйткені қазақстандық ұн 5-10 сомға арзан. Бұл сырттан келетін күріш, май сияқты азық-түлік өнімдері бағасына да қатысты проблема.
Қырғызстан ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2015 жылы республика 1,3 миллиард доллардың өнімін экспортқа шығарып, 3,7 миллиард доллардың өнімін сырттан әкелген. Ал 2016 жылы импорт көлемі тағы артады деген болжам бар.
Қазір доллар бағамы – 75,5 сом. Қырғызстан Ұлттық банкі 64,3 миллион долларға 17 интервенция жасаған. Бірақ экономистер мен өндірушілер сомның жасанды бағамы отандық экспорт пен өндіріске зиянды деп санайды.
Экономист Елдар Абакировтың пікірінше, егер Қырғызстан сомы құнсызданса, Қазақстан сияқты экспортты ұлғайтуға болады.
"Қазір үкімет әрі-сәрі күйде отыр. Долларды еркіне жіберейін десе, бюджет саласы қызметкерлері қиналып, сыртқы қарыз өседі. Доллар бағамын ұстайын десе, өндіріс зардап шегеді. Егер мына жағдай өзгермесе, Қырғызстан өз өндірісінен айырылып, ЕАЭО-дағы тұтынушы мемлекетке айналуы мүмкін. Қазақстан мен Ресейден мигранттарымыз ақша жібереді, ал біз ол ақшаға сол жақтан тауар сатып аламыз", - дейді ол.
Қырғызстан үкіметі долларға тәуелділікті азайту үшін соммен есеп айырысуға көшуге ниетті. Қазір тиісті органдар заң жобасын әзірлеп жатыр. Бірақ бұл шара отандық экспортқа тиімді бола ма, ол жағы әзірше белгісіз.