Қырғызстандық әйел Қазақстан арқылы Қытайға жасырын алып өтпек болған алты алтын құймасынан айырылды. Тәркіленген алтынның жалпы құны 182,3 миллион теңгеге бағаланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас көлік прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Қадағалау органының мәліметінше, әйел алтын құймаларды Қырғызстаннан сатып алып, "Қордай Авто" өткізу бекеті арқылы Қазақстанға кірген. Кейін оларды заңсыз жолмен Қытайға өткізуді жоспарлаған.
Кеденшілер мен шекарашыларға білдірмеу үшін әр аяқ киімінің ұлтарағының астына үш алтын құймадан жасырған. Алайда "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының маңындағы тексеріс кезінде алтын табылып, тәркіленді.
"Бас көлік прокуратурасының өтініші бойынша сот жалпы салмағы 2,8 келі, құрамындағы алтынның үлесі 99 пайыздан асатын, құны 182,3 миллион теңге болатын алты алтын құйманы соталды тәркілеу туралы шешім қабылдады. Алтын мемлекет меншігіне өтті. Сот қаулысы заңды күшіне енді. Соталды тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлады Бас көлік прокуратурасы.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылған екі ер адамға сот үкімі шыққанын жазған едік. Олар жалпы құны 844 миллион теңгеден асатын 15 келіден астам алтын өндірген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!