Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Кабарға" берген сұхбатында Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Қамшыбек Тәшиевтің қылмыс әлемінің серкесі саналған Қамшы Көлбаевтың өліміне қатысты мәлімдемесіне пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҰҚМК басшысы бұған дейін не деді?
Бұған дейін ҰҚМК басшысы Қамшыбек Тәшиев қызық мәлімдеме жасады. Ол қылмыс әлемінде беделді болған Қамшы Көлбаевтың өліміне қатысты шешімді түсіндірді. Тәшиевтің айтуынша, "мемлекет игілігі үшін" осындай шешім қабылданған.
Президенттің пікірі
"Бұл жоғары оқу орындарының оқытушыларымен кездесуде айтылғанын білемін. Сол кездегі видеоны қарасаңыз, оның орыс тілінде сөйлегенін көресіз. Орыс тілі оның ана тілі болмағандықтан, ол нақты жауап бермеді", - деп түсіндірді Садыр Жапаров.
Қырғызстан президентінің айтуынша, Көлбаев қайтыс болған күні ақпарат түскен бойда Бас прокурорға қоңырау шалып, оқиға орнына шұғыл баруды, мұқият қарап, жедел ақпарат беруді тапсырған. Бас прокурор әскери прокурормен және басқа қызметкерлермен бірге оқиға орнына барған. Кейінірек олар Жапаровқа Қамшы Көлбаевты ұстауға тырысқанда, оның тарапынан қарулы қарсылық көрсетілгенін және арнайы қызметтердің қызметкерлері өз өмірін қорғау үшін оқ жаудыруға мәжбүр болғанын хабарлаған.
Президент ҰҚМК қызметкерлері берілген өкілеттік шеңберінен шықпағанын және заңды бұзбағанын айтты.
"Қылмыспен күресу туралы заң мен нұсқаулық бар. Бұл заңдар ешқандай бұйрықсыз қолданылды. Қамшыбек Қыдыршайұлы осы туралы орыс тілінде айтып, ойын толық жеткізе алмады. Бұл заң барлық елде қолданылады. Бұл - әлемдік тәжірибе. Егер қылмысқа қатысы бар күдіктілер қарулы қарсылық көрсетсе, біз қылмыспен күресіп жатқан әскерилеріміздің өміріне қауіп төндіре алмаймыз", - деп түйіндеді Жапаров.
Қамшы Көлбаев деген кім?
Қамшы Көлбаев немесе Коля-қырғыз - Қырғызстандағы қылмыс әлемінің авторитеттерінің бірі. Ол - Ыстықкөл облысының тумасы. 2011 жылғы маусымда Қамшы Көлбаев АҚШ-та халықаралық есірткі бизнесінің негізгі тұлғаларының бірі ретінде ресми түрде танылды.
Еске салайық, 2022 жылы Қырғызстанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қызметкерлері криминал әлемінің авторитеті саналатын Қамшы Көлбаевты (Қамшыбек Асанбек) ұстады.
Қамшы Көлбаев 2023 жылғы 4 қазанда өлтірілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова