Қырғызстанда Тәшиевтің ұлы жауап алуға шақырылды - БАҚ

Қырғызстан МҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің ұлы Тай-Мұрас милицияға жауап алуға шақырылған. Бұл туралы дереккөз мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап. 

Әзірге ресми ақпарат жоқ. Елдің Ішкі істер министрлігі де бұл ақпаратты растамады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Тай-Мұрас Тәшиевтің есімі мүлік мәселелері мен бизнес операцияларға байланысты талқылауларда айтылған еді. Алайда оның өзі бұл айыптауды көпшілік алдында жоққа шығарды. 

Тәшиевке қатысты жағдай

Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды. Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған. 

Қырғызстан МҰҚК-нің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиев Еуропада емделіп жатқаны да айтылды.

Кейінірек Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиев қызметінен кеткеннен кейін жеке кездескенін мәлімдеді.

17 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстаннан ұшып кеткені белгілі болды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!