Қырғызстанда Тәшиевтің бұрынғы орынбасары ұсталды

Қырғызстанда Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Kaktus.media басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, әскери прокуратура МҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Тимур Шабданбековті ұстаған. Сонымен қатар, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен комитеттің тағы алты қызметкері ұсталған.

Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды. Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған. 

Қырғызстан МҰҚК-нің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиев Еуропада емделіп жатқаны да айтылды.

Кейінірек Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиев қызметінен кеткеннен кейін жеке кездескенін мәлімдеді.

Қырғызстан президентінің айтуынша, осы шешімнің арқасында керісінше досын құтқарған. Оның сөзінше, Қамшыбек Тәшиевті қызметінен босатпаса, бұл мемлекеттік аппарат қызметкерлері арасында, қоғам арасында алауыздыққа әкеп соғуы мүмкін еді.

"Өйткені оның қасында жүргендер, оларды "ақсақалдар" дейміз бе, "көксақалдар" дейміз бе, әйтеуір олар досымды тура жолдан тайдырды. Олар Қамшыбек Тәшиевтің атынан Парламент депутаттарына, жауапты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ, қоғамда танымал адамдарға "генералдың жағына көшіңіз" деген әңгімелер айта бастады", - деді Жапаров бұған дейін.

17 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстаннан ұшып кеткені белгілі болды. Ал 19 наурызда Қамшыбек Тәшиев Ішкі істер министрлігіне жауап алуға жеткізілді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!