Қырғызстанда қазақстандық компанияның топ-менеджері Владимир Жұманбаевқа іздеу жарияланды. "Қазақмыс" бұған қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін желіде Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Қазақстан азаматы, Kazakhmys Holding ЖШС топ-менеджері, "Алтын Алмас" және "Қаражыра" компанияларының акционері Владимир Жұманбаевқа халықаралық іздеу жарияланғаны туралы ақпараты пайда болған.
"Осыған байланысты Владимир Жұманбаевтың ҰҚМК хабарламасында көрсетілген құрылымдарға қатысы жоқ екенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта Жұмабаев еңбек демалысында. Ол құқық қорғау органдарынан жасырынған жоқ және тергеуге барлық көмек көрсетуге дайын. Сонымен қатар, Қырғызстанның сотқа дейінгі тергеу органдарынан "Қазақмыс", "Алтын Алмас" және "Қаражыра" компаниялар тобының атына ресми сауалдар түскен жоқ", - делінген "Қазақмыс" баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ компаниялар тобы өз қызметін Қазақстан заңнамасына сәйкес жүзеге асыратынын және өз қызметкерлерін құқықтық қорғау бойынша шаралар қабылдауға дайын екені хабарланды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз