Қырғызстан билігі Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының саммиті және VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg-ға сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әділет Орозбеков екі халықаралық іс-шара кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру штабының кеңесін өткізген.
Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, басқа да ведомстволар мен жергілікті билік органдарының өкілдері қабылданып жатқан шаралар туралы баяндаған.
Әділет Орозбеков алдағы оқиғалар ауқымы, мемлекет басшыларының, шетелдік делегациялар мен қонақтардың саны жағынан ел тарихында бұрын-соңды болмағанын мәлімдеді.
ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде көшелер мен тасжолдардағы қозғалыс уақытша шектелген.
"Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті билікке антитеррорлық, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау жүктелді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту және шұғыл қызметтердің дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды", - деп жазылған мәліметте.
Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Оған әлемнің 100-ден аса елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.
Ал ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер көшбасшыларының саммиті 30 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Бішкекте өтеді. Ұйымға 10 мемлекет мүше: Беларусь, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!