Бішкектің Бірінші май аудандық соты "75-тің хаты" деп аталатын іс бойынша үкім шығарды. Бұл іс бойынша Қырғызстан Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиев айыпталушы деп танылған еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап.
Бұл іс бір топ саясаткер мен қоғам қайраткерінің кезектен тыс президент сайлауын өткізуге шақырған үндеуіне байланысты өрбіген. Айыпталушылар орындығында Қамшыбек Тәшиевтен бөлек, депутат Құрманқұл Зұлышев, Парламенттің бұрынғы спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы және басқа да саясаткерлер болды.
Сот барлық айыпталушыны "Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану" бабы бойынша ақтады.
Тәшиев пен басқа да айыпталушылар "Билікті күшпен басып алу" бабы бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Тағайындалған мерзімге қарамастан, сот сотталғандарды жазасын өтеуден босатып, оны үш жылдық пробациялық бақылаумен алмастырды. Осылайша, Тәшиев пен істің өзге қатысушылары нақты түрме жазасын өтемейді.
Сот мәліметінше, мұндай шешім қылмыс соңына дейін жеткізілмей, дайындық кезеңінде қалуына байланысты қабылданған.
Еске салайық, 10 ақпанда Қамшыбек Тәшиев Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары әрі Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!