Бішкектің Бірінші май аудандық соты жаппай тәртіпсіздіктерге дайындық ісі бойынша үкім шығарды. Бұл істе елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы мен "Социал-демократтар" партиясының өкілдері айыпталған еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Қадырбек Атамбаев кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Темірлан Сұлтанбеков мүлкі тәркіленіп, 7 жылға, Жеңіс Әбдірахманов мүлкі тәркіленіп, 8 жылға сотталды.
Эрмек Эрматов 2 жылға сотталды, бірақ пробациялық бақылау қолданылып, жазасын өтеуден босатылды. Тағы бір сотталушы жазадан босатылып, Қырғызстан аумағынан шығарылды, ал бір адам ақталды.
Барлығы 10 адам ұсталған, олардың ішінде экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы да болды.
Айта кетейік, Алмазбек Атамбаев - Қырғызстанның төртінші президенті, ол елді 2011 жылғы 1 желтоқсаннан 2017 жылғы 24 қарашаға дейін басқарды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова