Қырғызстанда кәмелетке толған ел азаматтарына әкесінің орнына анасының атын пайдалануға ресми түрде рұқсат етілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тиісті шешімді республиканың Конституциялық соты қабылдады. Оған бұрын балаларының әкесінің атын өзінің атына ауыстырған жергілікті белсенді Алтын Қапалова жүгінген болатын.
2 шілдеде Қапалова сот шешімін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
"Шешім түпкілікті. Жарияланған сәттен бастап күшіне енеді. Шешім барлық мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, лауазымды адамдар, қоғамдық бірлестіктер, заңды және жеке тұлғалар үшін міндетті түрде республиканың бүкіл аумағында орындалуға тиіс", - делінген Конституциялық сот шешімінде.
Белсенді кез келген кәмелетке толған қырғызстандық енді анасының атын қабылдай алатынын айтты.
"Мен осы шешім үшін Қырғызстанның Конституциялық сотына алғыс айтқым келеді және 16 жастағы ұлым - Қапалов Данияр Алтыновичті құттықтаймын, ол жақында төлқұжат алып, менің атымды ала алады", - деп жазды Қапалова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!