- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қырғызстанда TikTok желісін...
Қырғызстанда TikTok желісін бұғаттау туралы шешім қабылданды
Қырғызстанда TikTok желісін бұғаттау туралы шешім қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Кабар" агенттігіне сілтеме жасап.
Шешімді Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі қабылдаған.
Ведомство мәліметінше, министрліктің атына бірқатар үкіметтік емес ұйымның TikTok желісінің балалардың психикалық дамуы мен денсаулығына кері әсер ететініне қатысты алаңдау күшейген.
Онда TikTok пайдаланушыны қысқа клиптердің виртуалды әлеміне жетелейтіні, жасөспірімдер белгілі бір бейнелерді қайталауға тырысатыны, тіпті кейбірі өмірге қауіп төндіретіні жазылған. Сонымен қатар, балалар психикасы енді қалыптасып жатқаны, оның әлі де тұрақсыз екені және мұндай контент тәуелділік тудырып, жас ұрпақтың эмоционалды жағдайына теріс ықпал ететіні айтылады.
"Осыған байланысты министрлік аталған әлеуметтік желінің контентіне мониторинг жүргізіп, платформа тарапынан балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратқа қол жеткізуді шектеу, жас санатын бақылау функциялары жоқ екенін анықтаған. Осылайша, көптеген өтінішті ескеріп, жүргізілген мониторинг негізінде Қырғызстан аумағында TikTok сервисін тарату қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды", - делінген хабарламада.
Бұл шешім Қырғыз Республикасының заңнамасы шеңберінде одан әрі іске асыру үшін елдің Цифрлық даму министрлігіне жіберілген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина