Қырғызстанда Рихтер шкаласы бойынша 6,5 балдық жер сілкінісі болды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР ТЖМ сілтеме жасап.
Қырғызстан Сейсмология институты сейсмологиялық станциясының мәліметтері бойынша, 20 қараша жергілікті уақыт бойынша, сағат 10.46-да 6-6,5 балдық (магнитуда Mpv= 5,1) жерасты дүмпуі тіркелді.
Алдын ала мәлімет бойынша, жер сілкінісінің ошағы Қырғызстан аумағында Қара-Согот ауылынан солтүстік-шығысқа қарай жеті шақырым қашықтықта, Ош қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 30 шақырым жерде болған.
Республиканың елді мекендерінде жер сілкінісінің күші 6-6,5 балл болды. Жерасты дүмпулері Лангар, Қара-Согот, Бек-Жар, Чайчи, Қызыл-Туу ауылының тұрғындарына сезілді. Сонымен қатар, Ош қаласының өзінде 5 балдық жер сілкінісі тіркелді.
Айта кетейік, Қазақстанның сейсмологиялық станциялары сағат 10.45-те жер сілкінісін тіркеді. Оның ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 429 шақырым қашықтықта Қырғызстан аумағында болды. Зілзаланың энергетикалық класы - 10,9, MPV магнитудасы - 4,8, тереңдігі - 5 шақырым.
Еске сала кетейік, 17 қарашада Астана уақыты бойынша, 23.29-да Қырғызстанда жер сілкінді. Магнитудасы 6,3 болған зілзаланың ошағы Қырғызстан аумағында, Алматыдан оңтүстік батысқа қарай 495 шақырымда болды. Таразда және Меркеде күші 3 балл болатын жер сілкінісі сезілген.