Қырғызстанда түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің VI саммитін өткізу уақытына қатысты мәселе Астанада өткен саммит қатысушыларының арасында күтпеген жерден қыза түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев кеңес мүшелерін Ыстықкөл жағалауында демалып үлгеру үшін саммитке тамыз айының соңында келуге шақырды.
"2016 жылы VI саммит, тақырыпты таңдау қажет - спорт саласына қатысты, табиғи апаттармен күрес саласындағы серіктестік және білім беру саласына қатысты ұсыныстар болды", - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
"Нұрсұлтан Әбішұлы, біз Чолпан-Атада 15-25 тамыз аралығында өткізуді (саммит) жоспарлап отырмыз, егер Сіз күнді белгілесеңіз, Сіз ақсақалсыз. Ыстықкөл жағалауы. Нұрсұлтан Әбішұлы белгілесін, ол бұл жерді жақсы біледі. Мен Сіздің аз болса да жүзгеніңізді қалаймын. Маусым кезі", - деп жауап берді Мемлекет басшысына Атамбаев.
"15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін жақсы. Дипломатиялық каналдар арқылы нақтылаймыз", - деп жауап берді Назарбаев.
"Қыркүйектің басы дейік. 2-қыркүйек те болады, жұма", - деп сөзін жалғады Қырғызстан басшысы.
"9 қыркүйек. Нақты күнді кесте бойынша көреміз", - деді Назарбаев.
"Тамыздың аяғы жақсы болатын еді, мен Сізді қызықтырып әкеткім келіп тұр, Сіз ол жерге резиденция құрып, сол жерде тұратын едіңіз. Бәлкім, 25 тамызда? Бүгін белгілесек жақсы болатын еді", - деп қоймады Алмазбек Атамбаев.
"Демалысқа қаласыз, демаласыз. Нұрсұлтан Әбішұлы ол жақта демалғанды ұнатады", - деді Атамбаев, қатысушыларды күлдіріп.
Нәтижесінде қатысушылар тамыздың аяғы немесе қыркүйектің басы болады деп шешті, нақты мерзімі кейін айтылады. Ал тақырып ретінде спорттың ұлттық түрлері таңдалды.
Еске сала кетейік, Астанада түркітілдес мемлекеттер кеңесінің бесінші саммиті өтті, ол Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаумен қатар келді. Қазақстан Президенті Палестина мен Израиль арасындағы жанжалдың бейбіт жолмен шешілгенін қалайтынын айтты. "Менің ойымша, Ауғанстанды қалпына келтіру де бейбіт жолмен шешілу керек. Себебі біз бір аймақта орналасқанбыз. Сондықтан сепаратистік, лаңкестік және экстремистік ұйымдардың әрекеттерін тоқтату қажет. Өткен жылы мен АӨСШК кезінде Азия ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымын құруды ұсынған едім", - деді Назарбаев.