- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қырғызстан мен Тәжікстан...
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Саясаттанушы пікірі
Бұқаралық ақпарат құралдарында Қырғызстан миллиардтаған долларға әскери техника сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратты Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысы Қамчыбек Татишев растады. Бұл жағдай Тәжікстанмен үлкен қақтығысқа әкелуі мүмкін бе? Қазақстан екі ел арасындағы шиеленіске қалай әсер ете алады? Massaget.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты саясаттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгелдиновпен сұхбаттасты.
Саясаттанушының айтуынша, қақтығыстың негізі себебі - шекараның дұрыс белгіленбеуі.
"Қырғыстан мен Тәжікстан арасындағы қақтығыс - бұл Орта Азия аймағындағы ұзаққа созылған қақтығыстардың бірі. Басты себебі - екі ел арасындағы 900 шақырымнан аса шекараның жартысынан көбі демаркациядан (шекараларды белгілермен бөлу - еск.) өтпеуі. Нәтижесінде екі шекаралас аймақтағы тұрғындар арасында су, жол, байланыс үшін қақтығыстар қалыпты жағдайға айналып отыр. Бүгінгі күнге дейін ең ірі қақтығыстар 2021-2022 жылдары болған еді. 2021 жылы тұрғындар арасындағы тұрмыстық қақтығыс болып, 50 шақты адам қаза тапса, 2022 жылы әскерилер арасындағы қақтығыс нәтижесінде 200-дей адам қаза болды", - деді саясаттанушы.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығыстар картасы. © АКИpress
"Қазір қақтығыс демаркация мәселесінің шешілмеуінен ғана өршіп тұрған жоқ, Қырғызстан территориясындағы Ворух (Қырғызстанмен қоршалған Тәжікстан территориясы - еск.) аймағының статусына да байланысты. Бұл аймақта тәжіктер анклавы (барлық жағынан басқа мемлекеттің немесе мемлекеттердің аумағының қоршауында қалған мемлекет территориясының бір бөлігі - еск.) орналасқан. Яғни, тәжіктердің басты мақсаты - осы Ворух аймағына өтетін жалғыз жолды бақылауға алу, осылайша белгілі бір автономиясын қалыптастыру. Ал қырғыз тарабы бұл елдің тұтастығына нұқсан келтіретіндіктен, келіспей отыр", - деді ол.
Сарапшы Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы текетірестің шешілмеуінің себебін атады.
"Жалпы Орта Азияда демаркация мәселесі сыртқы күштердің араласуынсыз екі мемлекет арасында шешілгеннің нақты көріністері бар. Мысалы, Өзбекстан Тәжікстанмен биыл 30 жыл өткен соң территориялық келіспеушіліктер бойынша бір мәмілеге келіп, қазір шекара мәселесі шешіліп отыр. Алайда Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы текетірестің шешілмеуі - екі ел басшыларының ішкі саяси жағдайды сыртқы саясатқа араластыруы. Мысалы Эмомали Рахмон (Тәжікстан президенті - еск.) тәжіктердің мүддесін қорғау мақсатында жүргізіп отырса, Қырғызстан тарабы демократиялық жолмен шешуге тырысса да, Садыр Жапаров (Қырғызстан президенті - еск.) қанша либерал боламын десе де, қырғыз халқы өз президентін бұл мәселе бойынша қатаң шешімдерге баруға итермелеп отыр", - деді маман.
© sputnik.kg
Саясаттанушы бұл қақтығыстың Қазақстанға тигізетін әсеріне қатысты пікір білдірді.
"Бұл қақтығыс екі ел арасындағы соғысқа айналса, онда Орта Азия аймағындағы қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Ауғаныстандағы тәліптер Тәжікстанға қауіп төндіріп отыр, одан басқа, Тәжікстанда Ресейдің әскери базасы бар, бірақ Украинамен соғыс салдарынан Ресей билігі екі ел арасындағы соғысты шешуге қатысуы екіталай. Екі елдің әскерін салыстыратын болсақ, қырғыз әскері тәжік әскерінен 4-5 есе күштірек. Одан басқа, Қырғызстан 2021 жылы түріктерден "Байрақтарды" (Түркияның әлем талқылаған пилотсыз ұшағы - еск.) алған еді. Қырғыз үкіметі жыл сайын қырғыз-тәжік маңында әскери оқу жүргізіп отырады", - деді ол.
Маманның айтуынша, бұл қақтығыс Орта Азия елдеріне де кері әсерін тигізеді. Бұл жағдайда мемлекет басшылары өзара келісімге келіп, демаркация мәселесін біржола шешкен дұрыс. Себебі бұл жағдай тек екі ел арасындағы шекара мәселесіне емес, трансшекаралық өзендер проблемасына ұласуы мүмкін.
"Қырғызстанда және Тәжікстанда тұщы судың негізгі қоры сақталған. Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан осы тұщы суды тұтынушы мемлекеттер. Сондықтан осы екі ел арасындағы қақтығыс деңгейі жоғарыласа, бұл су тапшылығы мәселесіне әкелуі мүмкін", - деді сарапшы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек