Сот Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты 2020 жылғы қазандағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айып бойынша ақтады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
"Бішкектің Первомайский аудандық соты Алмазбек Атамбаевты 2020 жылдың қазанында Бішкектегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру ісі бойынша кінәсіз деп танып, қылмыс құрамы болмауына байланысты ақтады", - деді судья үкімді оқыған кезде.
Сондай-ақ сот экс-президент Атамбаевтың кеңесшісі Фарид Ниязовты, елдің ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Құрсан Асановты және Атамбаевтың күзетшісі Қанат Сағымбаевты ақтады.
Атамбаевқа қатысты бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды, ол шешім заңды күшіне енгеннен кейін жойылады. Алайда Атамбаев колонияда қалады, өйткені 2013 жылы қылмыс авторитеті Азиз Батукаевты бостандыққа заңсыз шығару ісі бойынша үкім әлі күшінде.
Еске салайық, 2020 жылы Қырғызстанда парламент сайлауы өтіп, оның нәтижесі халықтың наразылығын тудырған болатын.
Митингтер тәртіпсіздікке ұласып, салдарынан қазанның 6-сына қараған түні сол кезде Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу изоляторында болған Атамбаев босатылған еді.
Тергеу материалдары бойынша ол заңсыз босап шыққан.